Мақтааралдық шенеуніктердің жайбасарлығынан ауданда баспанадан қағылғандар көп

605
Нұротандықтар Түркістан облысында "Нұрлы жол"," Нұрлы жер бағдарламаларының орындалуын талқылады

Облыста «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша құрылыс жоспарлы жүргізілуде. Биыл 14 мектептің құрылысын аяқтау үшін республикалық бюджеттен 3 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 1 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылған. Олардың ішінде 10 апатты, 4 үш аусымды мектеп бар.

Тоқтар Усубалиев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары: «Жоспарға сәйкес салынып жатқан 14 мектептің бірі Қазығұрт ауданында, енді біреуі Мактааралда, қалған 12 мектептің бесеуі Сарыағашта. Жаңа оқу жылына 7 мектепті, ал қалғандарын жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда».

Сөйтіп, Мақтарал мен Ордабасы аудандарындағы бір апатты, Сарыағаш ауданындағы 7 апатты мектептердің мәселесі алдағы екі жылда шешілмек. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша Түркістан облысында 66 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады деп көзделуде. Алайда, облыс мәслихатының «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясы бақылау жөніндегі комиссиясында мақтааралдықтар бұл бағдарламадан шет қалғаны ашық айтылды.

Нұралы Әбішов, облыс мәслихатының депутаты: «Нұрлы жер» бағдарламасы  бойынша Отырар, Бәйдібек аудандарында  тұрғын үйлер бой көтереді. Ал 300 мың халқы бар Мақтаарал ауданы ше? Неге құжаттар қабылданбаған. 2019 жылға да қарастырылмаған. Бұл қалай өзі?».

Облыстық құрылыс басқармасындағылар инженерлік коммнуникациялар алдын ала қарастырылмаса, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспана тұрғызуға болмайтынын кесіп айтты.

Тоқтар Усибалиев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары: «Барлық аудандардан баспананың кезегінде тұрған және осыған орай баспанаға қажеттілік  тізімі алынған болатын. Соның негізінде тұжырымдама жасалды. Жасыратыны жоқ, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары егерде  жайбасарлық танытса, оған біз кінәлі емеспіз. Тұрғын үйлер инфрақұрылымы тартылған жерде салынады. Инфрақұрылым тартуға қаражат керек».

Бұл шикілікке жол бермейміз деген нұротандықтар Мақтаарал ауданында тұрғын үй салу мәселесі бойынша аудандағы жауаптыларды шақырып мәселені қайта қарауды ұйғарды. Ал өзге аудандарда жылдың соңына дейін 5 нысан пайдалануға тапсырылады. Тұрғын үй құрылысы үшін 935 учаске инженерлік коммуникациялармен қамтылады. Айта кететін жәйт, Түркістан облысында үй кезегінде 25 345 азамат тұрса, жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерін алу кезегінде 100 352 азамат тіркелген.