Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы аясында баспана алуға құжаттар қабылдануда

867

Шымкентте «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында баспана алуға құжаттар қабылданып жатыр. Бүгіннен бастап «Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі» өкілдері «Фронт-офис» ғимаратында орналасқан кеңес орталығында түсіндіру жұмыстарын бастады. Онда мамандар «7-20-25» бағдарламасымен қоса «Нұрлы жер» бағдарламасының шарттарын да егжей-тегжейлі түсіндіреді.

Банк кеңесшілеріне сұрақтарын жаудырды. «Фронт-офис» ғимаратына келген көпшілікті «7-20-25» бағдарламасының шарттары қызықтырады. Әлжан Мадалиев баспаналы болудың барлық мүмкіндіктерін қарастырып шыққанын айтады. Жұртшылыққа қолжетімді деп танылған мемлекеттік бағдарламаларды зерделеп көрген ол ипотекалық несиелендірудің жаңа жүйесі тұрақты табысы бар азаматтардың үйлі болуын тездетеді деп санайды.

Әлжан Мадалиев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Үйсіз жүргендерге жақсы бағдарлама, бұл бағдарлама бойынша нарықта сатылып жатқан кез-келген үйді ала алмайды екенсіз, осы жағын қарастыру керек сияқты».

Бүгінде ипотекалық несие ұсынатын әрбір банктің халықты баспанамен қамтуда өз жобалары бар. «7-20-25» бағдарламасы қолға алынбай тұрғанда қаржылық ұйымдар ұсынған шарттар «екінің біріне» қолай келе бермейтін. Мәселен, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» «Өз үйім» деп аталатын бағдарламасы бар. Осыған дейін бұл бағдарлама шарты бойынша қатысушы баспананың 50 пайызын алдын-ала төлеуі тиіс болатын. Бұл төлем қазір 20 пайызға төмендетіліп отыр.

Ұлан Наурызбаев, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ТФ маманы: «Осыған дейін тұрғын үйге арналған  несие 8,5 пайызбен берілетін, қазір 7 пайызға түсті. Уақыты 25 жылға ұзартылды».

Бағдарламаға тұрақты жалақысы бар, жеке баспанасы мен ипотекалық несиесі жоқ кез-келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Ал несие алу үшін серіктес банктің біріне барып қажетті құжатты тапсыру қажет. Мамандар Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында ең жоғары ипотекалық несие 25 млн. теңгеге дейін, қалған қалаларда 15 миллион теңгеге дейін берілетіндігін айтады.