ЕРКЕК БАНК немесе кімдер ұрықтық донор болады?

1327

Донордың да доноры бар. Науқасқа ағза мүшесін беретін не қан өткізетін донор. Бұл екі категорияға жататындар жайлы күнделікті естіп, оқып, көріп жүрміз. Бірақ, көпшілік біле бермейтін донорлар да бар. Олар – бір перзентке зар болып жүрген отбасыға бақыт сыйлау үшін ұрығын беретін донорлар. Иә, иә, арамызда сондай да жандар бар. Бірақ, тым аз. Олар кімдер? Мұндай донорларға қойылатын талап қандай? Өңірімізде донорлық ұрыққа сұраныс бар ма? «Спермабанкті» қауқары қандай? Алдағы мақаламыз осынау көпке қызық, бірақ көп айтыла бермейтін ұрық донорлары туралы болмақ.


Ұрық донорлары туралы әңгімелегенде, қолдан ұрықтандыру, яғни ЭКҰ (эстракорпоралбды ұрықтандыру) жайлы айтпай өтуге болмас. Себебі бұл екеуі бірін бірі толықтыратын қос ұғым іспетті. Яғни экстракорпоральды ұрықтандыру болмаса, ұрық донорлары, яғни ұрық саудасы да болмас еді. Экологиялық жағдай нашарлаған мына заманда бұл екеуіне де сұраныс бар. Әсіресе, күнгейде перзентке зар болып жүрген отбасылар көп. Осы орайда, 2010 жылы облыстық клиникалық ауруханасының базасында Шымкентте алғаш рет экстракорпоральды ұрықтандыру орталығы ашылды. Содан бері орталықтың қызметіне қаншама ерлі-зайыпты жүгініп, перзент сүйді. Өзінің емес, өзгенің ұрығын сатып алып, нәрестелі болғандар да бар.

ҰРЫҒЫН ӨТКІЗЕТІНДЕР АЗ
Орталықтың эмбриолог-дәрігері Айнұр Басбауова сперма қорының тапшылығын алға тартады. Айтуын-ша, орталықтағы қорда түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің ұрықтары сақталғанымен, жеткіліксіз болып тұр. Отбасының алдында таңдау еркіндігі аз болғандықтан, жасанды ұрықтандыру процесін кейінге қалдырып жатқандар да бар екен.


Негізі жұрттың дені «спермабанк» туралы білмейді. Ал білгендерінің өзі түрлі себептерді алға тартып, одан сырт айналуға тырысады. Алайда, донор болудың еш әбестігі жоқ. Керісінше, бұл сәби сүйе алмай жүргендерге бақыт сыйлаудың бір жолы,- дейді маман.
Қорда сақтаулы тұрған әрбір сперма оңай келмеген. Айнұр Қалиқызының сөзінше, басында ұрық иелері ауруханаға қарапайым дәрігерлік тексеруден өту үшін келеді. Алайда спермограммалық тексеріс кезінде жыныстық жасушалары бар ұрығының саны мен шәуқаттың сапасы көңілден шықса, маман оларды донор болуға үгіттейді.

СЫРТ КЕЛБЕТІНЕ ДЕ ҚАРАЙДЫ
Кез келген адам донор бола алмайды. Оларға қойылатын талап та қатаң. Бұдан ұрығы «мықтының» барлығы шәуқатын тапсыра алмайтынын аңғаруға болады. Ең алдымен, алынған «сапалы» ұрықтың қаншалықты шыдамды екені тексеріледі. Егер ұрық -196 градуста қатырылып, сосын ерітуге шыдас бермесе, онда жарамсызға жатады. Ал сыннан сүрінбей өткен сперманың иесі, келесі кезекте медициналық тексерістен өтеді. Туабітті созылмалы аурулары жоқ, дені сау, генетикалық сараптама қорытындысы жақсы болса ғана аталық ұрығын тапсыра алады.

Сонымен қатар, эмбриолог-дәрігері Айнұр Басбауованың айтуынша, донордың түр-әлпетіне, бойының ұзындығына да мән берілетінін ұмытпаған жөн. Қалқан құлақ, қоңқа мұрын, жақ сүйегі шығыңқы, артық салмағы бар, бойы аласа не тым ұзындар донорлыққа жарамайды. Донордың сымбатты, жаман әдеттерден ада болғаны абзал екен.
Айта кетер бір жайт, ұрықты пайдаланатын ерлі-зайыптыларға не әйелге донордың анкетадағы сипаты ғана беріледі. Анкетада оның ұлты, жүзі, руы, жасы, көзі мен шашының түсі жазылады. Кей жағдайда донордың бала кезіндегі фотосуреті көрсетілуі де мүмкін.


Донор сперманысын тапсырар алдын 3 күн бойына жыныстық қатынасқа түспеуі керек. Сондай-ақ, моншаға түсуіне де болмайды. Алкогольді ішімдік, энергетикалық қуат беретін сусындарды ішуге, темекі тартуға да рұқсат етілмейді. Тағы бір шектеу бар. Бір еркек айына 4 рет қана ұрық тапсыра алады. Бар-жоғы 20 рет қана донор бола алады. Одан көпке рұқсат етілмейді.

ШӘУЕТІ ҮШІН – 30 МЫҢ ТЕҢГЕ
Маманның айтуынша, ұрық тапсыруға өз еркімен келетіндер аз. Бұған осы бағытта жүргізілетін жарнаманың жоқтығы мен қаржылай сыйақының аздығы да әсер етеуі мүмкін. Өз шәуқатын облыстық клиникалық ауруханасы базасы негізіндегі эко-орталыққа тапсырушыларға – 30 мың теңге сыйақы төленеді екен. Бірақ қаржы шәуқат ұрықтандыруға таңдалған кезде, сол отбасының есебінен беріледі. Ал орталықтың есебінен донорға ешқандай ақша төленбейді. Сондықтан да «сперма сатып пайда табуға болады» деген сөзге сенудің қажеті шамалы.

ЖАСТАРДЫҢ ҰРЫҒЫ ӘЛСІЗ
Соңғы жылдары ер азаматтардың, соның ішінде жастардың ұрығы әлсіз болып бара жатыр. Айнұр Қалиқызының сөзінше, қазіргі жастардың көбісінде жыныстық жас-ушалары бар ұрығының саны аз. Шәуқаты сапасыз. Бұл ер азаматтың бала көтертуге деген қабілеті төмендігінің белгісі.


Мәселен суреттегі №1 ыдыста 1960 жылғы «Ө» есімді азаматтың, ал №2 ыдыста 1994 жылғы «Қ» атты жігіттің шәуқаты құйылған. Маман оларды тексере келе 1994 жылғы жігіттің спермасына қарағанда, 1960 жылғы азаматтың шәуетінің құрамы әлде қайда сапалы екенін айтады.
Ұрықтың сапасыз болуына, экология, қаладағы күйзеліс жағдайы, бейберекет жыныстық қатынасқа түсу, ішкен ас-ауқат (сусындар, жеңіл тоқбасарлар, гамбургер, чипсы, газды сусындар, энергетиктер және т.б) себеп. Маманның сөзінше, жастар өмір сүру тәртібін өзгертпесе, келешекте донорлық ұрыққа екі әйелдің бірі жүгінетін болады.
– 18-28 жас аралығындағы 50 жігіттің спермасын тексергенде тек 2-3-нің ғана ұрығы жарамды болып шығады. Қалғандары өте әлсіз. Қазір көптеген жігіттерге «Азоспермия» деген диагноз қойылып жатыр. Бұл – спермасында жыныстық жасуша жоқ деген сөз. Салдарынан мұндай ер азаматтар бала сүйе алмайды. Нәтижесінде, әйелінің жатырына өзге еркектің ұрығын салуға мәжбүр болады,- дейді Айнұр Қалиқызы.


Маманның айтуынша, мұндай жағдайда отағасы бейтаныс біреудің ұрығын емес, өзінің туған бауырының спермасын қолданғысы келеді екен. Алайда, арасында ешкімге білдірмей, туған-туысынан жасырып, басқаның шәуқатымен балалы болып жатқандар да бар.

ҰРЫҚТАНДЫРУДЫҢ ЖОЛДАРЫ
Денсаулығы жақсы, жатыр түтіктері таза әйелді ұрықтандырғанда ұрық тек жатырға енгізіледі де, әрі қарай табиғи түрде өзі ұрықтанады.
Ал егер жатыр түтіктері бітеліп тұрса немесе кезіндегі сәтсіз ұрықтанудың салдарынан алынып тасталған болса немесе ер азаматтың спермасы «құнарсыз» болған жағдайда денеден тыс ұрықтандыру (экұ) әдісі қолданылады. Яғни, ұрық пен аналық жұмыртқа «пробиркада» ұрықтанады. Сөйтіп, 4 күн бойы құтыда дамып-жетілген эмбрион, 5 күні әйелдің жатырының қуысына орнатылады.
«Көп жағдайда біз бір емес екі ұрықты орнатуға тырысамыз. Егер біреуі «өліп» қалса, ең болмаса екіншісі сәтті ұрықтануы мүмкін. Көбіне екеуі де дамып, әйелдер егіз туып жатады. Кейде бұл ұрықтар өзара бөлініп, үшем не төртем болуы да мүмкін».
Ұрық жатырға орнатылғаннан кейін 2 аптадан соң қан талдамасы арқылы ұрықтың ұрықтанған не ұрықтанбағаны білгілі болады. Егер орнату сәтті шықса, әйел 9 айдан кейін сәби сүйеді. Сәтсіз болса, экұ бағдарламасын қайта жасауға болады.

ӘЙЕЛДІҢ ҰРЫҒЫН ДА САҚТАЙМЫЗ
Қорда тек ер азаматтардың «спермасы» ғана емес, әйелдің аналық жұмыртқа бездері де сақтаулы. Оны өзінің жұмыртқа ұрығы жоқ, бірақ жолдасының ұрықтандыруымен балалы болуды қалайтын әйелдер қолданады. Бірақ, ақ халаттылар ЭКҰ-ға жүгінген ерлі-зайыптылардың 1% мүмкіндігі болса, оларға өздерінің спермасы мен жұмыртқасын жасанды жолмен ұрықтандырып беруге тырысады екен. Ал донорлардың көмегіне тек басқа амалы жоқ отбасылар ғана жүгінеді. Бірақ, бұл қадамға бармас үшін дәрігерлер ерлі-зайыптыларға психолог көмегіне жүгінуге кеңес береді. Себебі, мұндай жауапты әрі маңызды қадамға баруға екінің бірінің дәті шыдамайды.

Сіз не дейсіз? 

Мұхамеджан Естеміров, облыс имамының орынбасары:
Өмір болған соң түрлі жайт орын алады. Кейде ерлі-зайыптылар 10-15 жыл бір шаңырақ астында тұрса да бір перзентке зар болады. Қазір мұндай отбасылар ЭКҰ-ға жүгінуде. Емдік шара барысында әйелдің жұмыртқасын өзге еркектің шәуқатымен ұрықтандырып, жатырға орнатып жатады. Дінімізде бұл мақұлданбайды. «Харам» деп саналады. Мәселен, некесі қиылмаған, екі жанның жақындасуы зина деп саналса, бұл жағдайда да әйел зина жасаған болып табылады. Бұл жолмен дүниеге келген бала да некесіз деп табылады. Ал әйелдің өз күйеуінің спермасын қолданып, ұрықтандыруға рұқсат етіледі.

Ал сіз донор болуға қалай қарайсыз? Басқаның қанынан жаралған сәбиге бауыр еті балаңыздай қарауға дайынсыз ба? Өз ойыңызбен, пікіріңізді біздің газеттің whatsapp нөміріне жіберіңіз. Редакциямызға хат жазып, хабарласыңыз.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат» газеті

№32, 8 ТАМЫЗ 2018 ж.