«Мектепке жол» жәрмеңкесі шақырады

989

«Мектепке жол». Шымкентте осындай тақырыптағы жәрмеңке жалғасып жатыр. Жаңа оқу жылы қарсаңында қолға алынған игі бастама мен ондағы ұсынылған киім-кешек, дәптер-қаламның құнын біз де анықтауға тырыстық.

Нағима Сүлейменова – Ақбұлақ елді мекенінің тұрғыны. Бұл жолы Шымқалаға жәй емес, «Мектепке жол» жәрмеңкесін естіп, арнайы бұрылған. Жаңа оқу жылы қарсаңында немерелерінің киім-кешектерін түгендеуге көшкен әжей базарлығының бағасы мен сапасын айтуды ұмытқан жоқ.

«Менің 3 немерем бар. Екеуі – 2 сыныпта, немере қызым – 5 сыныпқа барады. Бүгін киімдерін алдық, жейделерін – 1000-1500 теңгеден, белдемшесін де 2000 теңгеге алдық. Арзан екен. 12 000 теңгедей қарыштап, енді ауылға қайтып барамыз», – дейді Нағима Сүлейменова.

«Мектепке жол» жәрмеңкесі – нарықтағы өнімнің, ондағы мектеп формасы мен оқу құралдарын көпшілікке көтерме саудамен ұсынатын жоба. Қазір Қажымұхан стадионында есігін айқара ашқан. Байқағанымыздай, айтулы жәрмеңкеге келіп, керек-жарағын түгендеушілер де жоқ емес.

Ал демалыс күндері тұтынушылардың қатары еселей артады екен. Себебі жеңілдіктері – көңіл көншітеді. Мектеп формасының, костюм- шалбарлардың құны 2500 теңгеден басталып, 5500 теңгеге дейін. Ал жейделер 1000-1500 теңге. Белдемшелердің бағасы да сондай.

Жәрмеңкеде мектепке арналған формалармен қатар, сөмкелер мен кеңсе тауарлары да бар. Сөмкелердің құны 1000 теңдеген басталып, 5500 теңгеге дейін ұсынылып жатыр. Сондай-ақ, мұнда оқу құралдары – дәптер мен қаламның сан түрін табасыз.

«Дәптер, қалам барлығы да базармен салыстырғанда арзандау. Желімнің бағасы – 150 теңге болса, бізде – 100 теңге. Күнделік 150-200 теңге аралығында, дәптер 5 теңдеген басталып, 15 теңгеге дейін ұсынылып жатыр», – сатушы Әсел Мырзақара.

«Мектепке жол» жәрмеңкесінде ұсынылған өнімдердің төмен әрі көтерме бағада ұсынылуының себебі де жоқ. Мұнда келіп, мектепке қажеттілік-жасақтарды саудалаған кәсіпкерлер бұл жайғасқан орындары үшін теңге төлмейді. Тиісті салықтан да босатылған. Айта өтейік, тұрғындардың қалтасына қонымды әрі қолжетімді бұл жәрмеңке алдағы жексенбіге дейін, яғни 26-тамыз кешкі сағат 19-00-ге дейін жалғасады.

Мөлдір Бекеева