Шымкентте суицид жасамақ болған азаматша бесінші қабаттан секіріп кетті. Оқыс оқиға 27 шілде күні сағат 12:00 шамасында болған.
Өмірімен қош айтыспақ болған азаматша В.Терешкова көшесіндегі №18 үйдің бесінші қабатына көтеріліп, өзін лақтырып жіберген. Сол маңдағы куәгерлердің айтуынша, азаматша бесінші қабаттан секіріп кеткен. Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметкерлері жоғарыдан секіріп кеткен азаматшаны ауруханаға жеткізген.
«Жағдайы өте ауыр. Бас ми жарақатын алған, миына қан құйылған. Қазір жасанды аппараттың көмегімен дем алуда. Ес-түссіз жатыр. Қазір науқасты отаға дайындап жатырмыз» — дейді Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасының қабылдау бөлімінің меңгерушісі Сәбит Байбосынов.
Суицид жағдайы бойынша Шымкент қалалық Әл-Фараби полиция бөлімінің қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізуде. Азаматшаның мұндай қадамға неліктен барғаны әзірге белгісіз. Оқиғаның мән жайы тексеріліп жатыр.
Лаура Нақыпқызы