Шымкентте төрт бірдей баласын мектепке дайындай алмай отырған әке көмек сұрайды. Айтуынша, әйелі отбасынан бас тартып, бауыр еті балаларын тастап кеткен. Үлкені 13 жаста, кенжесі биыл мектепке барады. Қатарынан қалдырғысы келмейтін әке жалданып жұмыс істесе де, тапқан табысы төртеуіне бірдей жетпейді.
Анасыз қалған жанұяға жаны ашитындар жоқтың қасы. Есесіне, көршілері шырылдап, көптеп көмек сұрайды. Аналары бас тартқан балдырғандарға әкесі қамқорлық танытқанымен, ана орнын баса алмайды. Мұны тұңғышы Әйгерім жақсы біледі. Сондықтан да өзінен кейінгі бауырларына мейірімді, барлық жағдайын жасайды. Оларды тамақтандырып, үстерін мұнтаздай таза ұстайды.
Төртеуі шүйіркелесіп бір дастархан басында көңілді уақыт өткізгенді ұнатады. Ананың аялы алақаны мен мейіріміне қанбаған олар туған шешелері турасында әңгіме айтпайды. Тек интернатқа перзенттерін іздеп, ара кідік келіп тұратынын жеткізді.
«Мен жетінші сынып оқып жүргенде келді. Не істеп жатырсыңдар, сабақтарың қалай?» -дейді… Болды. Үйде бізге папам қамқор болып жүреді. Папам әрі папа, әрі мама. Екі адамның орнында жүгіріп жүреді»- дейді үлкен қызы.
Бұл үйдің үлкендері Қазығұрттағы арнайы мектеп интернатта оқиды. Кенжелері Аят биыл бірінші сыныпқа барады. Төрт баланы жаңа оқу жылына дайындап жүрген әкесі, киімдері мен оқу құралдарын түгендеу ауыр тиіп жатқанын жасырмайды. Кейде тіпті, ас, ауқаттарын тауып бере алмай қалады екен.
Серікбай Төреханов, әкесі: «Төрт жыл болды тастап кеткеніне. Арнайы көмектерден де қағылып отырмыз. Өйткені қалада тіркеуде тұрамын. Төрт балаға беретін жәрдемақыны да шешелері алып отыр».
Жалғызбасты әке жағдайын айтып, талай есікті қаққан. Тіпті «Нұр Отан» партиясынан да көмек сұраған. Ешкім жәрдем бермеген соң, жұмысқа орналасыпты. Тапқан табысы шай-пұлдан артылмайды. Балаларды емдетуге қаржы да тапшы. Үшінші перзентінің денсаулығы сыр беріп, жыл сайын ауруы үдеп бара жатқанын айтады.
Серікбай Төреханов, әкесі: «Мына үшінші балам ауырады. Кішкентайынан суықтап ауырған жиі. Ауруханаға жатып әбден емделгенбіз. Науқасына байланысты арнайы жәрдемақы тағайындау үшін құжат жинап жүгірдім. Одан түк шықпады. Болмады әйтеуір».
Отағасы он жыл уақыт бірге тұрғандарын айтып қалды. Ал бүгінгі күйі көршіні де, жақын туысты да бей жай қалдырмапты. Үйдің берекесін қашырған ащы су екенін де ешкімнен жасырмайды.
Жанұзақ Ізбасаров, көрші ағайыны: «Бұл бала інім боп келеді. Екі ағайынды еді. Үлкені қайтыс болып кеткен. Шешесі барда да әжептеуір ішетін. Шешесі кетті. Әйелімен ішіп кеп күнде жанжал. Әкесі шыдай алмай, қарттар үйіне кетіп қалған. Бірақ сонда да хабар алысып тұрады. Келін барда нашар еді бұл бала. Қазір жақсы. Балаларына қамқор. Балажан».
Бейтаныс болса да бүйрегі бұрып, төрт баланың тағдырына алаңдаған Манзура апа редакцияға арнайы келіп, көпшіліктен көмек болса дейді. Манзура апа: «Өзімнің денсаулығыма байланысты көп ауырамын. Екі аяғым жүргізбейді. Есік алдындағы бақшаға бір жігіт жалданып жұмыс істеді. Тірлігі тап-тұйнақтай. Ұнады. Асырып ақысын бердім. Інім неге бердіңіз олай ішеді ғой деді. Сосын бұл жігітпен сөйлессем, кейде уайыммен сілтейтінін жасырмады. Төрт баласын жалғыз өзі асырап отыр екен. Мекенжайын алып қалып, кейіннен азық түлік алып, артынан іздеп бардым. Алдымнан кіші баласы апалап жүгіріп шыққанда, өзімді солардың әжесіндей сезіндім. Елжіреп, көзімнен жас шығып кетті. Үйінің айналасы тап таза. Үй іші жинақы. Бау бақшасы бар екен. Сүйсініп қалдым. Үлкен қызы, тинақтай 13 жасар қыз, өзі нан жауып, тамақ жасап, үйін дөңгелетіп отыр екен. Мейірімім түсті. Көмектесе бергім кеп кетті. Әрине, қол қысқа ғой, шіркін!».
Ал балалардың анасына хабарласқанда, бізбен тілдескісі келмейтінін жеткізді. Төрт баласын жәутеңдеп кімге тастап кеткенін білгіміз келген сауалымызды да жауапсыз қалдырды.
Жанар Есенбекова