Жасы кәмелетке толмаған екі қызға тиіспек болған шетел азаматы ұсталды

Жасы кәмелетке толмаған екі қызға тиіспек болған шетел азаматы ұсталды. Қырғы базар маңындағы наубайханада жұмыс істейтін ер кісі кешкісін көшеде ойнап жүрген екі қызды жанына шақырады. Қауіптенген қыздар жылаған күйі ер адамнан қашып кетеді. Осы іс бойынша ата-аналары тәртіп сақшыларына арызданған. Ал құзырлы органдар Өзбекстан елі тумасының әрекетінде қылмыс құрамы болмаған деген ресми жауабын берді.

Жасы кәмелетке толмаған қыздың анасы ашуға беріліп, ұсталған азаматқа біраз сөз айтты. Қызына “ойнап тиіскеніне” анасы сенбейді. “Не десе де күмәнім сейілмейді”, дейді ашынған ана. Ішімдік ұрттаған азматтан қорқып қашқан қыз болса, оның өзіне үнемі осылай тиісетінін айтады.

Оқиға кешкі уақытта болған. 12 жасар жасөспірім көрші үйдің 6 жасар қызын ертіп ойнап жүрген. Алдарынан шыққан азамат тиісіп, мазаларын алған. Қылығының дұрыс емес екендігін сезген қыздар кетіп қалуға тырысады. Бірақ әлгі жігіт алдарына бөгет жасап, тұрып алған.

Ұсталған азамат 1988 жылы туған. Өзбекстан Республикасынан Шымкентке жұмыс іздеп келген. Өзінің айтуынша алдын сотты болған. Оның жеке басын тінту кезінде қалтасынан пышақ табылды. Қазақстанда жұмыс істеп жүргеніне 6 жыл болыпты.

Оқиға бойынша түсініктеме беру бойынша арнайы сұраным хатты қалалық ішкі істер департаментіне жолданған. Әл Фараби ауданының полиция қызмткерлері оқиғаны растайды. Бірақ шетел азаматының әрекетінде қылмыс құрамы жоқ деген шешім шығарған.

Шетел азаматының қалтасынан шыққан суық қару жөнінде ешқандай мәлімет айтылмады. Тек оның құжаты болмағандықтан, қалалық қабылдау және тарату бөліміне уақытша жайғастырылғаны ғана нақтыланды. Ал алаңдаулы ата-ана «егер ол жігіт наубайханаға қайтадан келер болса, балаларының өміріне қауіп төнетінін айтып, қадағалау органдарына шағым келтіреміз” деп отыр.

Ернар Балабеков