Ғ. Әбдірахымов: «Үй соғу стандарты Астана, Алматымен теңеседі»

411

Шымкент әкімдігінің қызметкерлері Елордаға барып, астаналық әріптестерінің тәжірибесіне қанығып, қажетін үйреніп келеді. Қаладағы барлық құрылыс нысандары Астана мен Алматының стандарттарына сай салынады. Тіпті Шымкенттің Бас жоспары да қайта жасалады. Коммуналды қызметтердің қарызын төлемегендердің берешегін өтеуге әкімдік те кіріседі. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен аппараттың кезекті мәжілісінде айтылды.

Қаржысын игере алмайтын үш басқарма
Бірінші баяндаманы қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова жасады. Гүлжан Мамытқызының айтуынша, биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша 69 млрд 289,9 млн теңгені игеру жоспарланса, соның 63 млрд 889 млн теңгесі игерілген. Бұған қала әкімдігіндегі құрылымдық бөлімдердің басқарма ретінде қайта тіркелуіне байланысты қаржыландыру-қазынашылық жұмыстарының тоқтатылуы себеп болған. Қалған қаржының жыл соңына дейін игерілетініне уәде берген ол бюджет қаржысының игерілуі қатаң бақылауда екенін айта келе осалдық танытып отырған басқармаларды да атап шықты.
– Құрылыс бөліміне (қазіргі басқарма-ред.), тұрғын үй коммуналды шаруашылық бөліміне (қазіргі басқарма-ред.), жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөліміне (қазіргі басқарма-ред.) ескерту берілуі керек. Өйткені, республикалық, облыстық бюджеттен бөлінген 1 млрд 400 млн теңге шілде айында уақытылы игерілмей қалды. Сол қаржы игерілуі керек болатын. Атап айтсақ, құрылыс бөлімі бойынша республикалық, облыстық бюджеттен бөлінген 350 млн теңге, тұрғын үй коммуналды шаруашылық бөлімі бойынша 342 млн теңге, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары 720 млн теңге игерілмеді,- деді Гүлжан Құрманбекова.
Мұны естіген Ғабидолла Рахматоллаұлы аталған басқармалардың басшыларына қаржыны игеру мәселесін тездетіп шешуді тапсырды.

«Республикадан мейлінше көп қаржы әкелуіміз керек»
Қазір келесі жылдың республикалық бюджетін қалыптастыру бойынша министрліктерде бюджетке өтінім қабылданып жатыр. Сондықтан да әкім орынбасарлары мен басқарма басшылары қалаға қатысты бюджет құжаттарын алып, график бойынша Астанаға барып, әрқайсысы өз саласына қатысты министрліктерге кіріп, қажет қаржыны бюджетке қосуға өтінім береді.
– Астанаға барып, мүмкіндігінше республикалық бюджеттен көбірек ақша бөлдіріп, әкелсек, өзіміздің жергілікті бюджетімізді осы жергілікті мәселелерді шешуге бағыттап, аудандарға беріп, шағынаудандардағы тротуарларымызды, басқа да күнделікті халық айтатын мәселелерді шешеміз. Сондықтан республикалық бюджеттен қаржы қарастыруымыз керек,- деді Ғ. Әбдірахымов.
Отырыста қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы тағайындалған болатын. Әкім қайта құрылған басқарманың алғашқы басшысы Берік Дүйсеновке қаладағы жүргізіліп жатқан тұрғын үй құрылысының барлығын базаға енгізуді тапсырды.
– Бұрын Шымкент – облыс орталығы болғаны себепті құрылысшылар облыстық стандарттармен жасай берген. Енді біз Астана, Алматы қалаларына барып, олардың тәжірибесін алып, сондағы стандарттармен үй соғамыз. Сметасы да, бағасы да, құрылыс материалдары да соған сай болуы қажет,- деді қала әкімі.

Қажет көмірдің тек 20 пайызы жеткізілген
Шымкентте 363 бюджеттік нысан бар. Солардың жылу маусымына дайындығы 25 тамызға дейін толық аяқталады. Қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбекұлы 2018-2019 жылдың жылу маусымына дайындық барысы туралы айта келіп, осындай уәде берді.
«Бюджеттің мекемелердің автономды қазандықтары жұмыс істеуі үшін бізге 5526 тонна көмір қажет. Қазір 2338 тоннасы тасымалданды. Қалғаны 25 тамызға дейін жеткізіледі. Сұйық отын да 25 тамызға дейін дайын болады» деген Нұрсадық Ергешбекұлының сөзінен білгеніміз: Қала тұрғындарына үйлерін жылытуы үшін 96 мың тонна көмір қажет. Әзірге соның тек 23 мың тоннасы жеткізілген. Қоймаларда 30 мың тонна көмір бар.
Мұны естіген әкім: «Көмір мәселесі – өте өзекті. Былтыр білесіздер, интернетте роликтер таралды. Көмір тапшылығына байланысты үлкен ажиотаж болды. Баға өсіп кетті, «көмір жоқ» деп шықты. Сондықтан қазірден бастап, қай көшенің тұрғындары көмір жағатынын белгілеп, сондағылармен сөйлесіп, әзірден баға көтерілмей тұрғанда көмір тарату жағын қолға алу керек» деді.
Ал тұрғын үйлерді 1 қазанға дейін 100 пайыз жылу маусымына сақадай-сай дайындауды тапсырды.

Қарыз 1 млрд теңгеден асты
Шымкенттегі жеке және заңды тұлғалардың коммуналды қызмет түрлері бойынша берешегі осы жылдың 1 тамызында 2 млрд 50 млн теңгеге жеткен.
– Шымкенттіктер жылуға 305 млн тг, электр қуатына 16 млн тг, суға 402 млн тг, кәріз қызметіне 134 млн тг, ал табиғи газға 1 млрд 192 млн теңге қарыз,-дейді Нұрсадық Ергешбекұлы.
Қарыздың басым бөлігі тұрғындардың берешегі екенін естіген әкім «Халық пайдаланған газ, жарық, су, кәріз жүйесінің төлемақысын уақытылы төлеп тұруы керек. Бізде көпшілігі уақытылы төлейді. Арасында төлемейтіндері бар. Сол төлемейтіндерімен арнайы жұмыс жасаңыздар» дей келе қарызын төлемейтіндердің дені бәз баяғы бір адамдар (түпнұсқасы: «одни и те же лица»-ред.) екенін айтты.
– Биыл газға жалпы қарыз 1 млрд теңге болды. Осылай жалғаса берсе, келесі жылы 2 млрд теңгеге жетеді. Аудан әкімдері, сіздер де бұл мәселе бойынша халықпен жұмыс істеңіздер. Монополистермен де сөйлесіп, егер азаматтың қарызы соншалық көп болып, бірден төлей алмайтындай болса, онда арнайы график жасатып, бөліп төлейтін жағдай қарастыру қажет,- дейді әкім.
Сондай-ақ, әкім сөз арасында монополист компаниялардың жөндеу жұмыстарын жүргізгенімен, қазған орнын қалай болса солай тастап кететінін де сынға алды.
– Монополистер жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Асфальтті қазады, жолды бұзады, содан құбырларды ауыстырғаннан кейін қазған орнын жай таптап кетеді. Жаңа асфальт төсемейді. Ол жер шұңқырға айналып, көлік қозғалысына, жолаушының жүруіне кедергі келтіреді. Бұл мәселе жылдан жылға шешілмей, жалғаса береді. Соны қолға алыңыздар. Әрбір «ремонт» жасаған компания қазды ма, жолдың деңгейімен бірдей жаңа асфальт төсеп кетсін. Соны бақылауда ұстаңыздар,-деді әкім.

Бас жоспар қайтадан жасалады
Шымкенттің бас жоспары қайта қаралады. Оны Үкіметке ұсыну үшін арнайы мекеме құрылады. Шымкент қаласының 2012 жылы қабылданған бас жоспары республикалық мәртебесі бар шаһар үшін жарамсыз. Үшінші баяндаманы жасаған қала әкімінің орынбасары Бауыржан Жаймұрзынұлының айтуынша, Бас жоспарға сай 75 егжей-тегжейлі жоспар жасалуы тиіс. Ал бүгінгі таңға дейін 65-і жасалған. Бас жоспар қаланың болашағын айқындайды, сол себепті қаланың Бас құжаты 2019 жылдың жарты жылдығына дейін түзілуі міндетті. Мұны орындау үшін «Шымкент бас жоспар» мекемесі құрылады
– Тез арада жаңа мекеме құрыңыздар. Ол тек қаланың дамуымен айналысуы тиіс. Оған арнайы ғимарат беріңіздер, сәулетшілерді тартыңыздар,- деді Ғ. Рахматоллаұлы.
Бұдан бөлек мақсатсыз пайдаланып жатқан жерлерді анықтап, оларды мемлекетке қайтарады. Қала әкімі осы мақсаттағы жұмыстарды да жеделдетуді тапсырды.

Жәнібек Нұрыш

№33, 15 тамыз 2018 ж