Мемлекеттік балабақшаның меңгерушісі қызметкерлерін ақысыз еңбек демалысқа мәжбүрлеп жіберген. Ол аздай, төлем карточкаларын жиып алып, еңбекақыларын өзі алып отырған. Төлеби ауданындағы «Айсәуле» балабақшасындағы осы және де басқа да «былықтар» «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауында айтылды.
Сондай- ақ, туризмі түлеп жатқан Төлеби ауданындағы тарихи орындар мен мазараттар қалталы азаматтардың бизнесі үшін сүріліп тасталғаны белгілі болды. Тіпті, ауданда жайылым жер қалмағаны да сөз болды. Жаға ұстатарлық жағдайға жол беріп, оны қадағалай алмай отырған жергілікті әкімдіктің әркетсіздігі Мәжіліс депутатын шошытты.
«Нұр Отанға» соңғы үмітін арқалай келгендердің бірі — Нұрғали Жартаев. Төлеби ауданындағы «Айсәуле» балабақшасының күзетшісі болып жұмыс істейді. Ол мемлекеттік балабақшаны меншігіне айналдырып алды деп, меңгерушісіне арыз айта келген. Сөзіне сенсек, бақшаны билеп-төстеген меңгерушінің ақылға қонбас қылықтарынан қажыған. Қызметкерлер маңдай терімен тапқан тиындарын уақытылы ала алмай отырғанын жеткізді. Бір емес, бірнеше қызметкердің міндетін атқарып, қосымша ақыдан қағылғандар меңгерушінің «бармақ басты, көз қыстымен» қайын атасын құжат жүзінде қызметке рәсімдеп, жалақысын заңсыз өзі алып отырғанын айтады. Қаржылық құйтырқылар бұл ғана емес, дейді олар.
Нұрғали Жартаев, «Айсәуле» балабақшасының күзетшісі: «Қайынатасын қағаз жүзінде жұмысқа алып, айлығын өзі алып отыр. Қызметкерлерді ақысыз еңбек демалысына мәжбүрлі жіберіп, төлем карточкаларын тартып ап, жалақыны заңсыз өзі иемденіп келеді. Біздің наразылығымызға пысқырып та қарамайды. Ұнамаса, кете бер дейді бірден.»
Білдей бір ұжымды әбден тығырыққа тіреген бұл мәселеден жергілікті құзырлылар хабардар. Қит етсе, еңбекке жарамсыздығы туралы құжат дайындап «больничныйға» шығып кететін көрінеді. Балабақша меңгерушісіне осынша уақыт шара көре алмай отырғандарға ҚР Мәжілісінің депутаты әбден шүйлікті.
«Сағыздай созып жүргендерің тек қана «крышоват» ететіндіктеріңізді білдіреді. Парламенттік сленгке сай емес сөзім үшін айып етпеңіздер. Үш жыл бойында қарапайым арызданушыларды титықтатып, әбден ашындырғандарыңыз көрініп тұр»-деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова.
Күнгейдегі шенеуніктерге сенімсіздік танытқан депутат шағымданушыларға тіпті тікелей телефон нөмірін берді. Осылайша, төрт жылдан бері түйіні тарқамаған мәселені өзі қадағалайтындығын айтты.
Нұрмахан Жолдасов, «Нұр Отан» партиясының Түркістан облыстық филиалы басшысының бірінші орынбасары: «Меңгерушіні қызметінен шеттетіп, орнына міндетін атқарушыны уақытша қалдыру керек…»
Жанар Есенбекова