«Оңтүстік цирк» мекемесі көрерменімен қайта қауышты. Дәлірегі, өнер ошағы VII маусымының шымылдығын түріп, кішкентай көрермендерін қуанышқа бөледі. Жаңа бағдарламасын таныстырды.
Маусымның жетістігі — «Эксклюзив» тобы. Жасақтағы жігіттер дәл осы «Өлім доңғалағы» нөмірін бір емес, 3 жыл бойы бел жазбай меңгеріп, енді көрерменге құрметпен ұсынып отыр. Және өнерпаздар күрделі бағдарлама — үш шеңберлі аса қауіпті бұл жобасымен таяуда өткен халықаралық «Азия жаңғырығы» өнер фестивалінде алтыннан алқа тағынып, 1-орынды жеңіп алған-ды.
«Эксклюзив» тобыНұрсұлтан Қанаев, «Оңтүстік цирк» мекемесінің әртісі: «Расында көптің алдында, сахнаның төрінде үлкен қобалжуды сезіндік. Себебі, жоғарыға ешқандай сақтандырусыз көтерілеміз. Және ептілікті еңсеру тапсырмасы тағы бар. Ең бастысы, батылдық басты орында болуы міндетті. Қорқынышты, үрейлі нөмір болғанымен, бұл бағдарлама — біздің көрерменнің көзайымына айналуымыздың жалғыз жолы. Мен бұған сенімдімін. Алдағы уақытта бұл күрделі нөмірді тағы да жетілдіріп, көпшілікке ұсыну жоспарда бар». VII маусымды осылай ерекше екпінмен бастаған өнер ошағы кішкентай көрермендерінің көңілін аулауды ұмытқан жоқ. Ортаға сайқымазақтар шығып, аң-құстар мен күшіктердің қызықты қабілеттерін ұсынды. Және жұмыла ойындар ойнады. Шоу-бағдарламасын да таныстырды.
Байқағанымыз, жаңа маусымда өнер ошағының барша әртісі сахна төрінен көрінген жоқ. Басым бөлігі — шет елге іс -сапармен тәжірибе алмасуға кеткен. Айта өтейік, бүгінде 7 жылдық тарихы бар «Оңтүстік цирк» мекемесінде 200-ге жуық адам жұмыс жасайды. Оның 44-і — шығармашылық ұжым.
Мөлдір Бекеева