Арнамызға Шымкенттегі «Кіші Самал» шағынауданының тұрғындары хабарласып, осы аумақтағы балалар темір жолы маңында жүргізіліп жатқан түсініксіз жөндеулерге алаңдаулы екендерін жеткізді.
Тұрғындар тағы да рельсті қолды етпек болғандардың әрекеті деп пайымдапты. Алайда, мамандар шойын жолдың 3 метрлік аумағында жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан болып шықты.
Бұл маңайда таяуда жер асты су құбырларынан ақау шығып, апат болған. Құзырлылар суды тоқтатып, қайта қалпына келтірген. Енді темір жол қайта жалғанып жатыр. Бұл жұмыстар бір-екі аптаға жалғасуы мүмкін. Айта кетейік, мұндай нысан еліміздің өзге аймақтарында жоқ. 1979 жылы пайдалануға берілген темір жол бірнеше жылдан бері жұмыс істемей тұр.
Айта кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын шойын жолдың 1200 метр релісі қолды болған-ды. Сұқ қолды ұрылар тұралап тұрған балалар темір жолына 55 млн. теңге шығын әкелген дейді мамандар. Бұдан да қыруар қарызға батар ма еді, тұрғындар тоқтау салып, тәртіп сақшыларына хабарласқан. Абырой болғанда үш күдікті дер кезінде ұсталып, жол бұзатын техникалары айып тұрағына жеткізіліпті. Бүгінде тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Мақпал Рысбаева