Шымкенттегі балалар темір жолының «жасағын» ұрлап кетті

788

Шымкенттегі балалар темір жолының мүлдем істен шығатын түрі бар. Ескірген «локомотив» пен оның екі вагонын жөндеп, іске қоса алмай жүргенде, шойын жолы бұзылды. Яғни, темір жолдың рельстерін ұрлап кетті.

Сала мамандарынан сұрап білгеніміз, шойын жолдың 1200 метр рельсі (Т.Рысқұлов көшесіндегі көпір мен А.Байтұрсынов көшесіне дейінгі аралық) қолды болыпты. Осылайша ұрылар тұралап тұрған балалар темір жолына 55 млн. теңге шығын әкелген. Бұдан да қырауар қарызға батар ма еді, тұрғындар тоқтау сұрап, тәртіп сақшыларына хабарласқан. Абырой болғанда, үш күдікті дер кезінде ұсталып, жол бұзатын техникалары айып тұрағына жеткізіліпті. Бүгінде тергеу жұмыстары жүріп жатыр екен.

Ғани Жақыпбеков, «Тұрғын Үй Шымкент» МКК маманы: «Темір жолдың 400 метрін талқандаған. Ал 800 метрін алып, ұрлап кеткен.  Өкінішке қарай, ол маңайда ешқандай бейнебақылау камералары жоқ. Бірақ, сондағы тұрғындардың үйлерінің алдына орнатылған бейнебақылау камераларына кездейсоқ түсіп қалуы әбден мүмкін, мұны қазір ішкі істер бөлімі сұрастырып та жатқан болар. Барлығы 55 млн. 250 мың теңге шығын келіп отыр ғой».  

Байқампаз халықтың айтуынша, ұрылар айласын кеш батқанда емес, тал түсте іске асырыпты. Көпшілік күдік тудырмасын деп, үстілеріне арнайы сары жейде киген. Айта өтейік, Ғ. Мұратбаев атындағы балалар темір жолы 1979 жылы пайдалануға берілген. 2011 жылы тоқтап, 2015 жылы демеушілердің күшімен қайта іске қосылды. Кейін бюджеттен қолдау болмай, қайта тұралап қалған болатын.