Шымкентте 70-ші автобус жүргізушілері бағытқа шықпай қойды

419

Шымкенттегі №70-ші бағыттағы автобустың жүргізушілері түске дейін жолаушылар тасымалына шыққан жоқ. Әлеуметтік желіде қоғамдық көлік жүргізушілерінің ереуілге шыққаны туралы да ақпарат тарады. Аялдамаларда жолаушылар сағаттап күтіп, 70-ші бағыттағы автобусты күтуге мәжбүр болған.

Аялдамадағы азаматтардың басым бөлігі таңсәріден бері №-70 – ші бағыттағы автобусты күтіп тұр. Айтуларынша, алды екі сағаттан қоғамдық көлікті тапжылмай тосқан. Онсыз да сирек жүретін бағытты күтіп, діттеген жеріне жете алмай қалды. «Баламды «Водоканал» аялдамасы жанындағы мектепке 70-ші автобуспен апаратын едім. Бір жарым сағаттан бері күтіп, болмаған соң такси тоқтатуға тура келді» дейді қалалық ата-ана.

Түске таяу 70-ші бағыттағы қоғамдық көліктің төбесі көрінді. Автобус жүргізушілерінен кешігулерінің себебін білдік. Айтуларынша, бүгін жолға шықпай, қарсылық танытқан. Өйткені заңсыз тасымалдаушылармен жолаушыларға таласып, тайталасып, тіпті керісіп жаға жыртысуға дейін барыпты. Сөйтіп бірауыздан 70-ші бағыттағы автобус жүргізушілері қарсылық білдіріпті.

Айбек Тұрдиев, 70-ші бағыттағы қоғамдық көліктің жүргізушісі: «Жұмысқа жаңа кірістік. Себебі бізде ереуіл болды. Мына заңсыз тасымалдаушылар  шаршатты бізді. Газельдер алдымызды орап, адамның барлығын жинап алып кетеді. Олар еш жерге тіркелмеген де».

Әлібек Қалыбеков, №70-ші бағыттағы автобустың жүргізушісі: «Біз таңғы 4-5 тен тұрып, түнгі 23-24:00- ге дейін жүреміз. Сондағы бар тапқанымыз жанар жағар майымызға кейде жетпей де қалады. Мына «Газельдер», кіші маршруттар жолды орап, жолаушының бәрін алып кетеді. Жұмыс істеуден қалдық. Балаларымызды қалай асыраймыз бұлай кете берсе?».

Қалалық әкімдіктегілер бұл мәселеге әбден қанық. Таң азаннан компания өкілдерімен кездесіп, мәселенің түйінін шештік дейді олар. Жолаушылар тасымалы графигін бұзған компанияға ескерту беріліпті.

Наурыз Сүгірәлиев, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы: «Бұл мәселенің түйінін шешу үшін  таң азанымен осы бағытта қызмет көрсететін компания басшылығы мен автобус жүргушілерімен кездестік. Ішкі істер органдарына хат жолдадық. Бірлесіп арнайы рейдке шығып, заңсыз тасымалдаушыларды анықтайтын боламыз».

Мақсат Кенебаев, компания басшысының өкілі: «Жұрт дүрлігетіндей шеру, ереуіл деуге келмейді. Тек автобус жүргізушілері наразылығын білдіріп қарсылықтарын жеткізді. Әкімдіктен арнайы келді. Біз де ішкі істер органдарына хат жолдағанбыз екі күн алдын. Мәселені бірлесіп қарайтын болды. Бір мәмілеге келген соң автобус жүргізушілері бағытымен жұмысқа кірісіп кетті».

Үшінші мегаполисте қоғамдық көлік 73 бағытта қызмет көрсетеді. Десек те, жетіспеушілік бар екендігін жоққа шығармайды жауаптылар. Жыл соңына дейін тағы 315 жаңа автобус сатып алынбақ екен.

Жанар Есенбекова