Тілдер мерекесі төрге озған күн…

657

«Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте». Шымкентте осындай тақырыпта мемлекеттік қызметшілер арасында облыстық тіл байқауы өтті. Қаламыздағы «Отырар» кітапханасында іске асқан шара тілдер мерекесіне орайластырылған. Оны ұйымдастыруға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Шымкент филиалы мен қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығы ұйытқы болған.

«Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» байқауына қатысушылар өз аймақтарының намысын қорғауға келген. Мәселен, 22-жастағы Асланбек Мамыш Кемербастау ауылдық округінде әкімшілікте жұмыс істейді. «Мемлекеттік қызметкер ретінде қазақ тілінде сауатты болу негізгі міндетіміз» дейді ол.

Асланбек Мамыш, байқауға қатысушы: «3 – қыркүйекте мемлекеттік қызметке қайта даярлау курсына оқуға келген болатынбыз. Тілдер мерекесіне тұспа тұс келгені бізді қуантады. Мұндай байқаулардың бізге берері мол. Мемлекеттік қызметте істегеніме 1 ғана жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында біршама тәжірибе жинадым. Сол тәжирибенің арқасында байқауға қатысып отырмыз. Сайыста жеңіске жететініме сенімдімін».

Тіл мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған сайыстың мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, қызметкерлердің қазақ тілін меңгерудегі сауаттылығын арттыру. Оған 4 команда, яғни Түркістан облысы бойынша 12 мемлекеттік қызметші қатысты. Олар қазақтың ұлттық құндылықтарын білу деңгейі, тіл байлығы, жазу грамматикасы, тапқырлығы және түрлі ұлттық нақыштағы сахналық қойылымдар бойынша 4 кезеңнен тұратын сайысқа түсті.

Айнаш Туғанбаева, Шымкент қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығының оқытушысы:
«Байқаудың биылғы ерекшелігі – арнайы даярлық курсынан өткен жас мамандар, жас мемлекеттік қызметшілерді тартып отырмыз. Олар екі апталық курсқа келгенде байқауға қатысып отыр. Байқау барысында олардың терминді дұрыс жазу, ресми іс-қағаздар стилінде дұрыс жазу деңгейін жетілдіреміз деген ойдамын».

Облыстық байқауда білікті тіл мамандары төрелік етті. Ұйымдастырушылар оқ бойы оза шапқандарға арнайы сый-сияпаттар табыстады. Шара жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасатын болады.

Айя Мүтәлі