«Аяқжол емес, асфальт керек….»

519

Бүгін белгілі болғанындай, шаһардағы тағы 6 көшеде оң жақ өткел салынатын болды. Бүгінгі таңда Б. Момышұлы, Желтоқсан, Ж. Шаяхметов, Ұ. Арғынбеков көшелерінің қиылысындағы өткелдердің құрылысы басталған. Бұдан бөлек, биылға жоспарланған 80 көшені орташа жөндеу жұмысы жалғасады. Жол жөндеу жұмыстарына біраз кедергілер болғанын рас.

Омарбай Малқаров көшесінің ені 26, ұзындығы 1,5 шақырымды құрайды. Сала мамандарының айтуынша мұнда 7 метрлік екі жақтама жол түседі. Қалған бос жер гүлзарға айналуы мүмкін. Бұл көше «Самал 1» шағынауданына жасалған 26 көше жобасының қатарында, құрылыстың кешеуілдеуіне көшеге жүргізілген кәріз жүйесі кедергісін келтірген.

Ал «Нұртас» шағынауданындағы Гүлдала көшесіне салынып жатқан аяқжол аймақтағы өзге көше тұрғындарының ренішін туғызды. Айтуларынша шағынауданда ойлы шұңқырлы көшелер көп. Шағал тасты өз қаражаттарына төсеген тұрғындар өзгенің жаяу жүргінші жолын түгендемей, өздеріне асфальт төсеп берсе дейді.

Аталған көше тұрғындары: «Осында тұрып жатқанымызға 10 жыл болды. Жылда асфальт төсейміз дейді. Бірақ ол тек сөз жүзінде қалып келеді. Барлық көшеге асфальт төселді, бірақ бізде жоқ, бармаған жеріміз қалмады» деп ашынады.

Биылға қалада жоспарланған 80 көшені орташа жөндеу жұмысы жалғасады. Сондай-ақ, 20 көшеге жаяу жүргінші жолын төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Жауаптылар жылдың соңына дейін бұл жұмыстарды толық аяқтаймыз дейді. Жол жөндеу жұмыстарына 2 млрд. теңгеге жуық қаражат қаралған.

Нұрлан Күдерұлы