Бұқар бұғыларын 1000 басқа жеткізу көзделіп отыр

421

Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Сырдың бойының байырғы тұрғындары Бұқар бұғылары атамекенін қайта жайлады. Бүгінде үйір-үйірімен Түркістан маңындағы Сыр өзенін мекендеген бұқар бұғыларының жай-күйі қандай?

Бұғышы Мұсахан Жүзеев күніне екі рет бұқар бұғыларына жем береді. 22 гектар қоршалған аумақтағы жануарлар да жемдеу уақытына әбден үйренген. Таңғы сағат 9-да, кешке сағат 6-да астауға жақындайды. Өте сақ. Тек бұғышыға сенеді. Өйткені, бұғышы Мұсахан ата бұл бұғылардың туғанынан бастап 17 жыл бойына бағып келеді.

Мұсахан Жүзеев, бұғышы: «2001 жылы үш бұғы, сосын алты бұғы әкелінген. Қазір ішкі қоршаудағы бұғы саны 84-ке, сырттағысы 71-ге жетті… Төтенше жағдай болмаса бұғылар ауырмайды. Дәрумендер береміз».

Қазір «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі аумағындағы тәлімбақта 155 бас бұқар бұғысы бар. Түркістан филиалындағы 322 гектар түбекті жайлаған бұқар бұғыларының ішкі қоршаудағылары қолға қарайды. Сырттағысы еркіндікте жайлайды. Өте сақ. Көзге түспейді. Мұнда тек қыста жақындайды. Оларға да сол кезде жеп-шөп шашады. Тамыз соңы, қазан басы аралығындағы күйік кезінде жеміне дәрумен қосып береді.

Сырдың бойын өткен ғасырдың ортасына дейін үйір-үйір бұғы жайлаған. Сол кездегі соңғы бұғыны 1960 жылы атып алыпты. Табиғи парк басшылығының ендігі мақсаты – тәлімбақтағы бұқар бұғысын 1000 басқа жеткізу. Сөйтіп бастапқы қалпына келтіру. Ол үшін Арыс өзені бойына 10 бұғыны апарып, жерсіндіру жоспары бар. Бұған қоса осы тәлімбаққа апаратын 9 шақырым жолға асфальт төселеді. Осылайша, туристер келіп, тамашалауына жағдай жасау көзделіп отыр.

Жәнібек Нұрыш