Оқушылар неге мектеп асханасынан тамақтанбайды?

506

Оқушылар неге мектеп асханасынан тамақтанбайды? Ата-аналардың қалтасы көтермейтіндей баға қымбат па, әлде тамақтары дәмсіз бе? Бәлкім шәкірттердің әке-шешесі ондағы ас мәзіріне сенбесе керек…

Осынау сауалдарға жауап іздеген «Нұр Отан» партиясының өкілдері салаға жауаптыларды ертіп Шымкенттегі мектептердің асханаларына барды. Балалардың ас-ауқаты мен асүйлердің талапқа қаншалықты сай келетінін тексеріп көрді.

«Нұротандықтар», қоғамдық бақылау саласының өкілдері мен бірлестік мүшелері алдымен қаладағы №35 мектептің асханасындағы ахуалды көрді. Аспаздар түскі асқа қызу әзірлікте екен. Бірі ыстық тамақтың қамына кіріссе, енді бірі түрлі тоқаштар пісіруде. Алайда күн сайын осындай түрлі дәмдер дайындалатын асханада ауа тартқыш жүйесі жұмыс істемейтін болып шықты.Мыңға жуық оқушысы бар мектепте небәрі 200-ден аса бала асханадан тамақтанады екен. Бұл дегеніміз қалған балалар не ашқұрсақ жүреді, не болмаса үйлерінен әкелінген тамақтармен жүрек жалғайды.

Бахадыр Нарымбетов, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары: «Балалар тамақтарын үйден алып келеді. Бұлай болмайды. Гигиеналық тұрғыдан дұрыс емес. Неге асханадан тамақтанбайды? Бағасы қымбат па? Сапасы ата-ананың көңілінен шықпай ма?»
Оқушылардың ас-ауқатына алаңдап, меморандум аясында күш біріктірген партия өкілдері мен қоғамдық қадағалау саласының мамандары мектептердегі кеңсе тауарлары мен түрлі пісірінділер сатылатын дүңгіршектерде де болып, ескертулерін жасады.

Бұл №9 мектептің асханасы. Мұндағы ауа тазартқыш жүйесі де «нұротандықтардың» осыған дейінгі тексерулеріндегі ескертулерден кейін жолға қойылыпты. Жауаптылар асханадағы ахуалдан бастап оқушыларға ұсынылатын ас-ауқаттың құнарлығына да дейін мән берді.

«Нұротандықтар» қазан-табаққа араласудан аулақпыз, біздің мақсат қоғам назарын оқушының тамағына аудару» дейді. Партия өкілдері қазір мектеп асханаларына қатысты әлеуметтік сауалнама жүргізуде. Қорытындысынан кейін құзырлы органдарға арнайы ұсыныстар жолдаймыз дейді партия өкілдері.

Мақпал Рысбаева