Шымкентте Елбасының жолдау-тапсырмасы қалай орындалып жатыр?

529

Шымкентте «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының кезекті ХХХV есеп беру-сайлау конференциясы өтті.Ресми басқосу Мемлекеттік рәміз — әнұранды айтып, құрмет білдіруден басталды. Алқалы жиында алдымен Елбасының бекіткен соңғы тапсырма-жолдауы талқылануымен қатар, оның орындалуы құнтталды. Сондықтан болса керек, жиынға «Нұр Отан» партиясының өңіріміздегі өкілдері, депутаттар мен қала әкімі Ғабидолла Әбірахымов және басқарма басшылары толығымен қатысты. Алғашқылардың бірі болып сөз алған қаламыздың бас педагогы мектеп оқушыларының заманауи білім жүйесін, ондағы IT-ға деген бетбұрысын баяндады.

Ақерке Абылайхан

Ақерке Абылайхан, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Біздің қалада екі университетте IT орталықтары бар. Оқушыларымыз сонда барып, жаңа саланы меңгеріп жатыр. Алдағы жылы бұл орталықтардың қатары артады.   Елбасы Жолдауындағы басты мәселенің бірі – ол апатты және 3 ауысымды мектептерді күрделі жөндеу. Қазіргі таңда Шымкент қаласында апатты мектептер жоқ, үш ауысымды 19 мектеп бойынша қосымша 16 138 орынға қажеттілік бар. Бұл мәселе қосымша ғимараттар салу, бос ғимараттарды қолдану, жаңа мектептер ашу көмегімен шешілмек».

Бұдан соң жиында баяндама жасаған отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Қалтаев жастар саясатының дамуы және шетелдік жастардың үздік ғылыми жобаларын Шымкент қаласында жүзеге асыру бойынша ойларын ортаға салды. Сөзіне сенсек, Шымкентте алдағы уақытта жастар саясатын жүргізу бағытында 9 жоба жүзеге асқалы жатыр. Бастысы, бұл жобалар қоғамдағы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алады.

Жандос Қалтаев
Жандос Қалтаев

Жандос Қалтаев,  Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы: «Айбын» әскери-патриоттық» лагерлері мен сабақтары өтеді. Бұдан бөлек, ардагерлердің үйлерін тазалап, аулаларын абаттандыруды да ұйымдастырамыз. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарымен бірлесіп, бітіруші курс студенттеріне қаламыздың ТОП-100 компаниясында тағылымдама ұйымдастыруға бағытталған «Professional» жобасы, NEET жастарды жұмыспен қамту мен «Саламатты ұрпақ» жастарды бұқаралық спортқа баулитын және т.б. маңызды жобалар жүйелі түрде жүзеге аспақ».

Кеңестен кәсіпкерлік саласы да шет қалмады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Шымкент қалалық филиалының директоры Асқар Әбубәкіров мегаполистегі негізігі табыс көздерін жіті, жіліктеп жеткізді.

Жолдаудың аты айтып тұрғандай, «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру». Қала әкімі бұл жоба-жолдаудың орындалуын бір қарап-қадағалай келе, жұмыстың жүгенді жүргізуі үшін бар жағдайдың жасалғанын алға тартты. Сондай-ақ, баспана мәселесі жолға қойылып жатқанын жасырған жоқ.

Ғабидолла Әбдірахымов

Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі:»Сонымен, бүгінде Шымкентте 184 көпқабатты үй бой көтермек. «7-20-25» бағдарламасына келсек, Шымкент қаласы бойынша қазіргі таңда 77 азаматтың өтінімі банктер тарапынан мақұлданған. Оның ішінде, 43 адам аталған бағдарлама аясында баспаналы болды. Мұғалімдер мен тәртіп сақшыларына да үлкен көңіл бөлінеді. Субсидия беріледі».

Сондай-ақ, 2019 жылы білім саласындағы — 3 ауысымды мектептердің мәселесі де біржолата жойылмақ. Бүл үшін қала аумағынан тағы да 12 мектеп салынады.

Мөлдір Бекеева