Шымкентте заңсыз салынған құрылыстар сүрілуде

453

Бүгінде Шымкентте заңсыз салынған ғимараттар аз емес. Құжат құнттауға келгенде салақтық танытатындар ісінің заңсыз екенін білсе де, тиын түсіретін табысты бизнестерін тоқтатпайды. Тіпті заңсыздық туралы тайға таңба басқандай сүрілсін деген соттың шешімі шықса да былқ етпейді. Заңсыздыққа жол бергендер айыбын түзетпесе оларды заң басынан сипамайтыны анық. Ондайда мәжбүрлі түрде құрылысты қиратуға тура келеді.

Өткен жылдың қараша айында Абай аудандық мамандандырылған экономикалық соты аудан аумағындағы дәмханалардың бірін сүру туралы шешім шығарады. 20,3х32,3 метр аумаққа салынған дәмхананы жергілікті тұрғын сатып алған екен. Әділет департаменті мамандарының қатысуымен аталған нысанды сүріп тастауға тура келді.

Шымкент қаласы бойынша жерді өз қалауымен жаулап алып, ғимарат соғып алған 26 жауапкер тізімде тіркеулі тұр. Ол ғимараттарды сүру туралы сот шешімі шықса да асығар емес. Дегенмен олардың заңсыз ісіне де тосқауыл бар. Алдағы уақытта барлық заңсыз ғимараттар орнынан алынатын болады.