Шымкент қаласы аумағындағы жер телімдеріне зерделеу жүргізіліп, құжатсыз нысандар, мемлекет жерін заңсыз иелену фактілері анықталуда. Нәтижесінде бұрын салынған, қазіргі таңда құжатсыз тұрған 2 314 тұрғын құрылысы нысаны анықталды.
Оның ішінде ең көбі Абай ауданында – 1 493 нысан, Тұран ауданында – 283, Еңбекші ауданында – 251, Қаратау ауданында – 234, ал Әл-Фараби ауданында 53 нысан анықталды. Жарамдысы – 1 831, жарамсызы – 483 құрылыс.
Жалпы қала бойынша жарамсыз 187 құрылыс нысаны және үй салу үшін құйылған 63 іргетас аудан әкімдіктері және құзырлы мекемелермен бірге бұзылды. Ал адам тұруға жарамды 1 831 нысанның құжаттарын заңдастыру мәселесінде ҚР Азаматтық кодексінің 244-бабына сәйкес өз еркімен орналасқан жер учаскелеріндегі құрылыстарға меншік құқығы сот тәртібімен шешілуі мүмкін.
Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан нысаналы мақсатына сай емес және үшінші тұлғалармен заңсыз иеленіп алынған жер учаскелерін анықтау және тиісті шара қабылдау бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде.







