Жарнамаға қарсы «майдан» жалғасуда…

374

Қаладағы заңсыз хабарландырулармен жаппай күрес жалғасуда. Бүгінде «Отырар» медиахолдингі қолға алған жоба қарқынды жүріп жатыр. Шаһар сәнін құртып тұрған көшедегі жарнамаларды құртуды көздеген редакциямыздың ниетін билік өкілдері де қолдапты. Бұндай игі шараға қала тұрғындарын да белсенді болуға шақырамыз!

Бұл акцияның белсендісі – Жанат Тохтарбай. Ол алып шаһарымыздың гүлденуі үшін ең алдымен тазалық маңызды деп есептейді. Сол себепті акцияға өз тарапынан үлес қосу үшін ең алдымен рұқсат етілмеген аймақтарға ілінген парақшаларды жұлып, қоқысқа тастайды екен. Бұл жұмыс ұзақ уақытты алмайды дейді ол.

Жанат Тохтарбай, «Отырар” телеарнасының тілшісі: «Мен күнделікті үйге қайтқанда, жұмысқа келгенде осы заңсыз хабарландыруларды жұлып, қоқысқа тастаймын. Барша Шымкент тұрғындарын біздің арна бастаған шараға қатысуға шақырамын. Қаламызды бірге гүлдендірейік!».

Шымкентте заңсыз жарнамалар саны күн санап артып келеді. Көше бойында, аялдамада, көпқабатты үйлердің бұрыш-бұрышындағы қаржылық, баспана табу және басқа да күмәнді қызметтер ұсынатын хабарламалар бүгінгі күні қалыпты құблысқа айналды.

Біздің редакция билік өкілдерінің назарын аудартып, мұндай бассыздықтарға нүкте қоюға ниетті. Осылайша, арнамыздың бастамасымен жүргізіліп жатқан жоба жергілікті әкімдіктің де құлағына жетіпті.

Александр Малахов, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары: «Отырар телеарнасының ұжымы бастаған жоба туралы естідік. Бұрындары мұндай жұмыстар жүргізілген. Осындай заңбұзушылықпен айналысатын арнайы компаниялар да болған. Бірақ қылмыспен емес, себебімен көбірек айналысу керек деп ойлаймын. Сол себепті қазір біз жұлып алып жатқан хабарландыруларды полиция қызметкерлеріне тапсырамыз. Әрі қарай іс қаралып, айыппұл төленеді. Бастысы, қала тұрғындарын барынша көше мәдениетін сақтауға шақыратын едім. Қаланың тазалығы қала тұрғындарының өз қолында».

«Біз жарнамаға соғыс жариялаймыз» атты акцияның басталғанына 2 аптадан асты. Бұл шара туралы естіген қала жұртшылығы да белсенді. Бірі редакциямызға заң бұзуышылық танытқан жарнамашыларды бейнежазбаға түсіріп жіберсе, енді бірі акция аясында ілінген парақшаларды жинаумен әлек.

Ирина Козорина, жобаны бастаушы: «Бұл акция туралы жариялаған күннен бастап, поштамызға көптеген хаттар келіп түсе бастады. Ішінде жарнама парақшаларын жинап жатырмыз, бірақ қоқыс тастайтын жәшіктер жоқ деген жазбалар да келіп түсті. Бұл дегеніміз бұл мәселе арқылы тағы біршама мәселелердің көтеріліп жатқаны. Біз осы арқылы бірқатар шешімдерді ретке келтіреміз деп ойлаймын».

Миллион тұрғыны бар барша Шымкент жұртшылығын науқанға қатысуға шақырамыз! Ол үшін аулаңыздағы, көшедегі, аялдама бойларындағы жарнамаларды тазалау жеткілікті! Игі ісіңізді суретке түсіріп, қысқаша баяндап біздің электронды поштамызға жолдасаңыз болады. Акция шаһарымыз “жарнама қаласы” деген аттан арылғанға дейін жалғаспақ.

Айя Мүтәлі