Жолдау жан-жақты талқыланды

569

Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы аясында небәрі 38 пәтер берілген. Баспаналы болудың жолдары халық арасында өз деңгейінде түсіндірілмеуі бағдарламаны іске асыруға кедергісін тигізуде. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдрахымов бүгін Елбасы Жолдауы талқыланған активтің кездесуінде осылай деді. Жолдау жүктеген өзге де міндеттерді орындауда қандай кедергілер бар?

Екі сағаттан астам уақытқа созылған жиында Жолдау жан-жақты талқыланды. Әдеттегідей барлық саланы қамтыған басты құжатты негізге алған басқарма басшылары бірінен-соң бірі Жолдауға қолдау білдіріп, ондағы міндеттердің қалай орындалатынын жеткізді.

Құрғақ қолдау емес, сала басшыларының ішінде нақты ұсыныспен келгендер де, құрғақ сандарға құрылған баяндамаларымен жұрттың қымбат уақытын «ұрлағандар» да болды. Сондай баяндамалардың бірі халықты баспанамен қамтуға қатысты еді. Республикада өз деңгейінде орындалмай отырған «7-20-25» бағдарламасының жаңа мегаполистегі межесі де көңіл көншітпейтін болып шықты.

Шаһар басшысы мұны насихат жұмыстарының аздығымен байланыстырады. Соған қарамастан Әбдірахымов мырза Елбасы бағдарламасын орындау үшін барын салып бағуда. Тіпті тәуекелге бара бермейтін банк өкілдерінің де тілін тапқан.

Халықты әлеуметтік қолдау, елдің экономикалық дамуының бағыт-бағдары, білім мен денсаулық сақтау салаларын қамтыған Елбасының кезекті Жолдауында коммуналдық қызметтерге де ерекше көңіл бөлінген.

Мегаполис атанса да әлі күнге коммуналдық проблемелардан көз аша алмай отырған Шымкентте халықтың тең жартысы кәріз жүйелерімен қамтылмаған болып шықты. Ауызсу, көгілдір отын, жарықтың жайы да жіті шешілмеген.

Жолдауды қолдау шарасын жаңа форматта өткізуге тырысқан қала басшысы маңызды құжаттағы міндеттерді орындау үшін алдымен шаһардың дамуын тежейтін осындай түйіткілдерді тарқатып алуды ұйғарыпты. Ендеше, түйіндер тарқатылды, жоспар да түзілді. Жолдау жүктеген міндеттердің қалай жүзеге асатыны уақыт еншісінде.

Мақпал Рысбаева