Шымкенттіктер жақында ғана құрылған «Таға» театрының «Етікші» пәлсапалық драмасын тамашалады. Жаңа туындыны жас театрдың ұжымы жерлесіміз, елімізге есімі белгілі драматург Сая Қасымбектің «Етікші» драмасының желісі бойынша сахналап шықты.
Бәріміз де аяқ киім киеміз. Қойылым жансыз затты сөйлету арқылы қоғамның қараңғы тұсына үңіліпті. Өмірдегі сан түрлі кейіпкердің тағдырын аяқ киімі арқылы бейнелеп берген әртістер заманның ащы шындығын ашып көрсетті.
Басты кейіпкер – етікшінің аузынан шыққан әрбір сөз бүгінгі күннің кейпін бейнелегендей. Осындай астарлы ой арқылы адамгершілік пен мейірімділіктің маңыздылығын насихаттайтын спектакльдің көркемдік жетекшісі Айзат Қыдырәлиеваның айтуынша, туынды толық жетілу үшін алдағы уақытта шағармашылық ізденісті тоқтатпайды.