Медициналық мекемеге жұмысқа тұрғызбақ болған алаяқ әйел ұсталды

445
Фото inform.kz

Жұмыссыздықты желеу етіп, «екі жеп, биге шықпақты» көздегендер бүгінде жұрттың қалтасына түсе бастады. Басты ұрандары табысы мол жұмысқа тұрғызу. Мұндай алаяқтардың құрығына ілігіп, сан соғып қалып жатқандардың көптігіне қарамастан одан сабақ алып жатқан бірі жоқ.

Түркістан облысында тұрғындарды жұмысқа тұрғызамын деп 500 мың теңгеге дейін ақша алған алаяқ әйел құрықталды. Оңай олжаға батып қаламын деп ойлаған күдіктінің үш алаяқтық іске қатысы бары анықталып отыр.

Түркістан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жәбірленушілер күдіктіге 200 және 500 мың теңгеге дейін ақша берген. Алаяқ әйел аңқау жұртты медициналық мекемеге жалақысы жоғары жұмысқа тұрғызуға уәде берген. Алайда уәдесінде тұру қайда, қомақты қаражатты қалтасына басқан сәтте-ақ ізін суытып үлгерген.

Келес аудандық ІІБ полицейлері жедел іздестіру шаралары барысында сезіктіні қолға түсірді. Жарты миллион теңгені жымын білдірмей жіберемін деп үміттенген күдікті келіншек Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.

Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеп, тексеру амалдары жүргізілуде. Қылмыстық іс сотқа жолданды.