Сессия отырысында бірқатар мәселелер қаралды. Алдымен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есеп берді, — деп хабарлайды shymkent.gov.kz.
Сонымен қатар Шымкент қаласының 2018-2020 жылдарға арналған бюджетіне толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, қаланың 2018-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы бекітілді. Бұл мәселелер депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты.Қала статусының өзгеруіне байланысты негізгі күш әкімшілік-ұйымдастыру жұмыстарына бағытталғанын айтқан қала басшысы жергілікті атқарушы органдардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қысқа мерзімде көптеген іс-шаралар атқарылғанын мәлім етті.
Мәселен, қалалық әкімдіктің басқару құрылымына өзгерістер енгізіліп, штат саны 509 қызметкерден 721-ге көбейген. Ал әкімдіктің 15 салалық бөлімдері қайта құрылымдалып, басқарма болып өзгертілді және жаңадан 8 басқарма құрылған. Бұдан бөлек Түркістан облысы мен Шымкент қаласы арасында нысандарды бөлу балансы жасалып, 99 нысан қаланың коммуналдық меншігіне өтті.
Шымкентте атқарылған жұмыстардың 10 айлық көрсеткіштері де атап өтерліктей. Мәселен, қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 384 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға артып отыр. Он айда индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 9,5 млрд теңгені құрайтын 8 жоба іске қосылып, жаңа 613 жұмыс орны ашылған.
– Осыдан екі жыл бұрын қабылданған даму концепциясы бойынша Шымкентті миллионды қалаға жеткізу мақсаты қойылған еді. Біз оған қол жеткіздік. Таяуда Оңтүстік Кореяға барып қайттым. Онда Сеул қаласының басшылығымен кездесіп, құрылыс компаниясының басшыларымен бірқатар келісімдерге қол жеткіздік. Енді келесі жылы қалада үлкен құрылыс жұмыстары басталады. Жалпы, қалада әлеуметтік-саяси жағдай тұрақты, — деді қала әкімі.