Шымкентте әлеуметтік қызметкерлер күні аталып өтті

853

Шымкентте әлеуметтік қызметкерлер күні аталып өтті. Салтанатты шарада саланың жетістіктері паш етілді. Ең өзекті құрылымда ерінбей еңбек еткен қызметкерлер марапатталып, сый-құрметке бөленді.

Жаңа мегаполистің әлеуметтік қызметкерлері алғаш рет төл мерекелерін ауқымды түрде атап өтті. Сала өкілдерінен өнерпаздар да аянып қалған жоқ. Жергілікті әншілер әуезді әннен шашу шашып, қуаныш иелерінің көңілін бір серпілтіп тастады. Әлеуметтік қорғау саласы қызметінің маңыздылығы қашан да ерекше. Нардың жүгін арқалап жүрген үздік қызметкерлер сый-құрметке әбден лайық. Саланың үздіктері өздерін құттықтай келген «Нұр Отан» партиясының, мәслихаттың, басқарма басшысының марапаттарына ие болды.

Алғысқа бөленгендердің бірі – Хатира Иманалиева. Басқармаға қарасты тұрмыстық зорлық-зомбылық орталығының қызметкері «тағдыр тауқыметін тартқан жандарға қол ұшын беру әр азаматтың парызы» деп біледі.

Хатира Иманалиева, Шымкент қаласы әкімдігінің «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы: «Бізге қиындыққа душар болған адамдар келеді. Оларға көмектесіп, қол ұшымызды берсек, олардың әрбір жетістігіне қуанамыз. Жұмысымыз сонысымен қызық».

Халықтың әлеуметтік ахуалын көтеріп, тұрмысын түзету үшін мемлекет тарапынан қолдау зор бүгінде. Бұқараның сол көмектің шарапатын сезініп, мүмкіндікті мүлт жібермей пайдалануы әлеуметтік сала қызметкерлерінің сапалы қызметіне тікелей байланысты.

Ғалымжан Балтаев, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы: «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының аясында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл бағдарламаның халықтың әлеуметтік жағдайын көтеріп, жұмыссыздықты жоюға септігі зор. Биылдан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр. Оның аясында да жергілікті халыққа қаржылай көмек көрсетіп жатырмыз».

Айта кетейік Шымкент қаласының жұмыспен қамту басқармасында 50-ден астам мемлекеттік қызметкер болса, осынша маман келісімшартпен жұмыс істейді. Басқармада -11 бөлім жұмыс атқарады. 8 коммуналдық мекеме түрлі әлеуметтік қызметтер көрсетеді.

Мақпал Рысбаева