Шымкентте ақын-жазушылардың мүддесі үшін жаңа бірлестік ашылды

900

Енді шымкенттік қаламгерлерге тиісінше құрмет көрсетіліп, құқығы қорғалады. Меретойлары да уақытылы, айрықша тойланып, жыр жинақтары да жарық көрмек. Мұндай ақпаратты белгілі тарихшы-жазушы Момбек Әбдіәкімұлы мәлімдеді. Сөзіне сенсек, осы мақсатта үшінші мегаполистегі ақын-жазушылардың басын қосып, жасақтайтын бірлестік ашып отыр. Сондықтан, «Қаламгер» атты жаңа ұйым жас қаламгерлерді де шет қалдырмайды. Мейлінше жағдай жасап, қалам ұстаған жандарға қолғабыс болады. Және қоғамға автордың есімі мен еңбегін насихатттауда ауқымды жобаларды да жүзеге асырмақ.

Момбек Әбдіәкімұлы, «Қаламгер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: «Жасыратыны жоқ, соңғы кездері күнгейдегі ақын-жазушыларға лайықты құрмет көрсетілмей жүр. Марапатты қойғанда, олардың мерейтойлары да тойланбайды. Сондықтан, осы бірлестікті ашуды жөн көрдім. Әзірге өзіміз қаржыландырамыз, бірақ алдағы күндері қаланың бюджетіне ұсыныс хаттар жолдаймыз. Бірақ қоғам мен оқырмандардың осы қаламгерлерге деген құрметі артып, кітаптары қолжетімді болуы үшін мейлінше жағдай жасауға тырысамыз».

Айта өтетін ақпарат, бүгінде облыс бойынша республикалық жазушылар одағына 58 қаламгер мүшелікке өткен. Өкінішке қарай, жасағында күнгейлік жастолқын жоқтың қасы. Одақтың өңіріміздегі ресми өкілдерінің сөзіне сенсек, биыл 7 бірдей жас ақынның өтініш-ұсынысы жоғарыға жолданғанымен, әлі күнге қолдау таппапты. Енді олар Шымкенттен осы орданың филиалы ашылып, сол қатардан көрінуді мақсат тұтып отыр.

Мөлдір Бекеева