«Түркістан жастары премиясы» байқауы басталды

442

Ел  Тәуелсіздігінің 27 жылдық мерекесіне орай Түркістан облысы жастарының арасында  «Түркістан жастар премиясы» байқауы басталды. Онда елдің саяси және қоғамдық өміріне белсене араласып, облыс көлемінде мемлекеттік жастар саясатының дамуына үлес қосып, түрлі салада өзінің білімімен, талантымен, белсенділігімен топ жарған жастар іріктеліп, марапатталады.

Бүгін бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің басшысы Береке Дуйсебеков мәлімдеді.

Оның айтуынша, аталған байқау – жастардың шығармашылық ізденістеріне, қоғамдық бастамаларына және тұлғалық қалыптасуына кеңінен мүмкіндіктер ашпақ.

«Түркістан жастары премиясы» байқауында «Үздік  жас жазушы», «Үздік жас айтыскер ақын», «Үздік жас дәрігер», «Үздік жас өндіріс маманы», «Үздік жас ерікті», «Үздік жас спортшы»,  «Бейбіт өмір батыры» сынды бірнеше аталымдар бойынша үздіктер анықталады. Сондай-ақ, облыстық бұқаралық ақпарат өкілдері арасындағы аталымдар да болады. Қатысушылардың жас ерекшелігі 14 пен 29 жасқа дейін болуы тиіс», – деді Береке Талғатұлы.

Сонымен қатар, баспасөз мәслихатына қатысқан Түркістан облыстық Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова «17 қараша – Халықаралық студенттер күні» мерекесіне орай облыста ұйымдастырылатын мерекелік шараларға тоқталды.

«Түркістан облысының жастары үшін 14-16 қараша күндері облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – тірегім, Түркістаным – жүрегім!» aтты өңірлік жастар форумы өтеді. Сондай-ақ,  республикалық «Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» атты пікірсайыс турнирі ұйымдастырылады.

Бұдан өзге, түркі тілдес мемлекеттерінің жастары арасында Халықаралық «Түркі әлемін тоғыстырған – Түркістан!» атты жайдарман ойыны жастардың көңілін көтермек. Онда Қырғызстан, Өзбекстан, Башқұрстан, Татарстан, Түркіменстан, Түркия Республикаларының құрама командалары мен Қазақстанның үздік ойыншылары облыс әкімінің жүлдесі үшін сайысқа түседі», – деді Балмаржан Полатқызы.

Жастар мерекесі отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Жаңарған Түркістан – жастар қаласы!» кешкі думанды гала-концертпен түйінділмек.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі