ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев Astana Hub-та өткен «Digital Arena-4» форумында салық саласына енгізілген жаңа цифрлық өзгерістер туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта тұрғындар салық қарызын ғана көре алады, алдын ала төлеу үшін де қандай салықтық міндеттер тұрғанын білмейді. Жыл соңында салық қарызына үстемеақы қосылғанда ғана хабардар болатын. Осы олқылықтың орнын толтыруға тырыстық және дүйсенбіден бастап, Павлодар мен Қарағанды облыстарының тұрғындары үшін пилоттық алдын ала төлеу жобасын енгіземіз. Яғни, тұрғындар жыл соңына дейін қандай салықтарды төлеу қажеттігін біліп отырады», — деді Руслан Еңсебаев «Digital Arena-4» форумында.
Вице-министр айтқан екінші мәселе — салық төлеушінің электронды порталда түрлі реквизиттерді таңдауы болып отыр.
«Салық төлеуші төлем кодын, бюджеттік жіктеу кодын, мемлекеттік кірістер органын жаңылмай көрсетіп, тұтас форманы толтыруы тиіс. Әрине, адамдар мұның бәрін біле бермейді, қате жібереді. Кодты дұрыс таңдамағандықтан, салыққа төленген ақша да діттеген жеріне жетпейді. Ең аяғында салық төлеуші борышкер болып шыға келеді. Сондықтан, осы процесті барынша оңтайландыру керек. Адамдар бірыңғай реквизитке ақша аударуы керек те, жүйенің өзі төлемді қай органға аудару қажеттігін автоматты түрде анықтауы тиіс», — деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, бұл бағытта өте маңызды жұмыстар жүргізілді. «Бұл үшін мемлекеттік органдардан алатын деректерді ретке келтіру керек. Салықты дұрыс есептеу үшін ішкі жүйені күшейту қажет. Мұнда адами фактор үлкен рөл атқарып отыр. Деректерді реттеу жұмыстарын аяқтап қалдық. Енді меморгандар жүйесінде деректерді қолмен толтырып емес, анықтамадан автоматты түрде алынатындай өзгерістерді енгізіп жатырмыз», — деді Р. Еңсебаев.