Үкіметтік емес ұйымдардың ролін жергілікті билік мойындады

334
Шәріпбек Жамалбек, «ОҚО Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы, облыс мәслихатының депутаты

Түркістан облыстық «Азаматтық альянсы» қауымдастығының төрағасы Шәріпбек Жамалбек «ағымдағы жыл  қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдар үшін атаулы жыл болды», дейді.

«Біріншіден, үлкен өзгеріс — ол облыс орталығының Түркістанға көшуі, Түркістан облысы болып қайта  аталды. Шымкент қаламыз еліміздегі 3-ші мегаполис болды. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысында да жаңа өзгерістер орын алғанын Жамалбек мырза алға тартты: «Облыста Азаматтық форум өтті. Республикада өткен Азаматтық форумның  жұмысына  Елбасының өзі қатысты. Соңғы он жылда  Президент қатыспаған еді.  Елбасы жалпы  қоғамдық  ұйымдарға, әсіресе үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына үлкен мән берді. Биыл Атырау, Талдықорған қалаларында «Асар » атты жиын өтті. Ондағы мақсат —  бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін  кеңінен пайдалану. Әсіресе ҮЕҰ жұмысында. Халықтың әл-ауқатын  арттыру, тұрмысын жақсарту, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсету, жастарды қолдау бағытында  бірге атқарылатын жұмыстардың барысы талқыланды».

Қуантарлық жәйт, үкіметтік емес ұйымдардың  бүгінде қоғамдағы түйіткілдерді  жергілікті билікпен шешуге білек сыбана кірісуі. Жергілікті тұрғындардың  туған жеріне, тұратын ауласы мен ауылына көзқарасын өзгертуде қауымдастықтың  ықпалы барын  барлығы мойындады. Өйткені,  биліктің де үкіметтік емес ұйымдардың мақсаты бір —  халықтың  жағдайын  жасау, Отанына деген патриоттық сезімін ояту.

Шынар Оразова