Көліктің электронды төлқұжаты болады

279

Алдағы жылдың шілде айынан бастап қазақстандық жүргізушілер жаңа құжат алуы тиіс, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы. Ол – «көлік құралының электронды төлқұжаты», – деп аталады.

Жоспар бойынша онда көлікке қатысты барлық техникалық мәліметтер енгізілмек: автомобильдің маркасы мен моделі, қай елде және қай жылы шыққаны, түсі, қозғалтқыш көлемі, шасси номері және көлік жол апатына түсіп-түспегені.

Түскен жағдайда оған қаншалықты зақым келгені, қандай жөндеуден өтіп, несі ауысқанына дейін көрсетіледі. Сондай-ақ, электронды куәлікке көлік иесі жайлы мәліметтер де енгізілмек. Жалпы машина ұрлығы, оның қосымша бөліктерін көлеңкелі нарықта заңсыз сату, сонымен қатар елге заңсыз кіргізілетін көліктерді бақылау, яғни мемлекеттің нарықты қауіпсіз және қалыпты деңгейде ұстауы үшін дұрыс жоба сияқты.

Ал жүргізушілер үшін? Жобада міндетті деген қызметтердің барлығы ақылы. Көліктің электронды төлқұжатын жасату, машинаның бөлшектерін ауыстырғаныңыз жайлы мәліметті енгізу – бәрі-бір ақша. Шұрық-тесік жолдардың салдарынан екі күннің бірінде бұзылатын көліктердің жүргізушілері қуана қоймайтыны анық.

Ержан Иманслям, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі машина жасау басқармасының басшысы: “Жоба толық іске қосылғаннан кейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше елдергеөз көлігіңізбен кіру мәселесі жеңілдейді. Сонымен қатар елдегі автокөлік ұрлығының алдын аламыз және сіз қолдан көлік сатып алғанда осы жүйе арқылы көлік жайлы бүкіл ақпаратты біле аласыз. Барлық ақпарат ұлттық оператордың дерекқорында сақталады және автокөлік иесіне арнайы бланкіде көшірме түрінде беріледі. Оны алу және өзгертулер ақылы түрде жүргізіледі. Шамамен 3300 тг сатып алсаңыз, өзгертулер енгізу үшін 1400 теңге көлемінде төлейсіз. Дегенмен бұл жүйеге әлі де толықтырулар енгізіп жатырмыз. Мысалы, сіз көлігіңіздің қозғалтқышын қай техникалық қызмет көрсету станциясында (СТО) жасатсаңыз, базаға соның енгізуін міндеттеуіміз мүмкін”.