Шымкент қаласы әкімінің жаңа жылдық құттықтауы

758
shymkent.gov.kz

Құрметті Шымкент тұрғындары мен қала қонақтары!

Жаңа, 2019 жыл құтты болсын!

Жаңа жыл қашан да жаңа бастамалардың, тың идеялардың, тынысты тірліктердің бастауы саналады. Бұл – өткен жылға есеп беріп, атқарылған жұмыстарды қорытындылайтын сәт, алдағы күнге жаңа жоспар жасайтын, жақсылыққа ұмтылып, серпінді істерге жол ашатын үлкен мереке.

Өтіп бара жатқан 2018 жыл қазақстандықтар үшін, оның ішінде шымкенттіктер үшін жемісі мен жеңісі мол, берекесі мен бірлігі жарасқан жарқын жыл болды. Өздеріңізге белгілі, биыл Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Шымкент республикалық дәрежедегі қала статусына ие болды. Миллионды қаланың дамуына тың серпін берген осынау жаңалық баршамыз үшін тарихи оқиға болғаны сөзсіз.

Үшінші мегаполис дамудың даңғыл жолына түсті. Елбасы Шымкентке келіп, қаланың даму бағыттарын айқындап берді. Шаһарымызда алғашқы халықаралық инвестициялық форум өтіп, әлемдік деңгейдегі компаниялармен миллиондаған қаржының меморандумы түзілді.

Осы секілді белесті биіктеріміз бен беделді істеріміз – қоғамдағы тұрақтылық пен халықтар арасындағы татулықтың арқасында жүзеге асқан ең үлкен жетістігіміз. Көп ұлтты еліміздің еңсесін биіктеткен табыстарымызда шымкенттіктердің де үлесі аз емес.

Қадірлі жерлестер!

Біз алдағы жылдан да үлкен үміттер, тұғырлы биіктер күтеміз. Оған ынтымақ-бірлігімізбен, ұйымшыл тірлігімізбен қолжеткізе алатынымызға сенімдіміз. Тәуелсіз Отанымыздың жарқын болашағына барша қазақстандықтар, оның ішінде Шымкент халқы да игі істерімен, өнегелі бастамаларымен үлес қоса бермек.

Сіздерге жаңа жылда жаңа табыстар, жарқын жетістіктер мен молшылық тілеймін! Денсаулықтарыңыз мықты, отбасыларыңыз аман болсын!

Ғабидолла ӘБДІРАХЫМОВ,
Шымкент қаласының әкімі