Түркістан жастары “WorldSkills Kazakstan – 2018″ Ұлттық Чемпионатында облыс мерейін асқақтатты

376

1 – 8 желтоқсан аралығында Астана қаласында өткен «WorldSkills Kazakhstan – 2018» Ұлттық чемпионатына Түркістан облысының атынан 9 студент аттанған болатын. Олардың барлығы да озат, көшбасшы студенттер.

“WorldSkills Kazakstan 2018” ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Кәсіпқор» Холдингімен» бірлесе ұйымдастырылған шара. Биыл төртінші мәрте өткізіліп отыр.
Үкілеген үмітті ақтап, 6 студент облыс мерейін асырды.

Жүлдегер атанып, облысымыздың мерейін асырғандардың қатарында Кентау Көпсалалы колледжінің студенті Искандаров Мақсат «Сантехника және жылыту» құзыреттілігі бойынша, Түркістан Жоғары Аграрлық колледжінің студенті Шыныбек Нұрбах «Ауыл шаруашылығы машиналары мен тракторлардың слесарь-жөндеушісі» құзыреттілігі бойынша алтын медальға қол жеткізсе, Шардарадағы №16 колледж студенттері Төлебаев Дәулет «Плиткамен қаптау» құзыреттілігі бойынша, Таубай Жанарыс «Құрғақ құрылыс» құзыреттілігі бойынша, Кентау политехникалық колледжінің студенті Халимов Өмірбек «Электроника» бойынша күміс медальдарға ие болды.

Сонымен бірге, «Шаштараз өнері» бойынша “Мирас» колледжінің түлегі Артықбай Олжас қола медальды иемденді.

Айта кетейік, WorldSkills – жұмысшы мамандығының мәртебесін арттыру және дәріптеу мақсатында әлемнің 82 мемлекетіне таралған халықаралық қозғалыс. WorldSkills ассоциациясы құрамына Қазақстан 2014 жылы 70-ші қатысушы мемлекет болып тіркелген.

WorldSkills қозғалысын дамытудың негізгі мақсаты – кәсіптік білім берудегі техникалық, қызмет көрсету және құрылыс салалары бойынша қатысушылардың тәжірибелік дайындығын, кәсіптік біліктілігін, шығармашылығы мен жоғары еңбек мәдениетін, заманауи, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды іс жүзінде қолдана алу біліктілігін сынау болып табылады.

Чемпионатты өткізу арқылы жұмысшы мамандығының беделін көтеру және кәсіптік білімді дамыту, кәсіптік білім алушыларды халықаралық WorldSkills чемпионатына қатысу арқылы әлемнің үздік тәжірибесін үйренуге қол жеткізуге болатыны мәлім.

Жыл сайын облыс атынан қатысып жүрген жастарымыз жүлдесіз қайтқан емес. Алдағы жылдары да дарынды жастарымыз биік белестерді бағындырады деген үміт мол.