«Жаңа Тұрлан» шағынауданына көгілдір отын тартылды

745

Жуырда Шымкент қаласы толықтай газдандырылатын болады. Қазірдің өзінде жаңа мегаполис тұрғындарының 91,6 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Шаһарға қарасты «Тұрлан» экспедициясы шағынауданы тұрғындары да қатты отыннан құтылып, өркениетті өмірге қол жеткізді.

«Жаңа Тұрлан» шағынауданы газ жүйелерімен толықтай қамтамасыз етілген. Газ құбырлары мұндағы әрбір тұрғын үйден өткен. Есептеуіш құралдары да сақадай сай. Желтоқасан айының ортасында мердігер компания « Еуразия жаңа технология корпорациясы» ЖШС-і газдандыру құрылысын толықтай аяқтапты.

Ғалия Таюпова, «Жаңа Тұрлан» шағынауданының тұрғыны: «Газды біз көп күттік. Қуаныштымыз. Енді бұрыңғыдай қыста қиналмайтын болдық. Үкіметке, әкімге ризашылық білдіреміз».

Бюджеттен бөлінген қаражат толықтай игерілген. Шағынауданды толықтай газдандыру үшін 2,9 шақырым ұзындықты алып жатқан құбырлар жүргізіліпті. Мердігер компаниямен техникалық қызмет көрсету бойынша келісімшарт жасалған. Әзірге жеке есеп шоты бар тұтынушылар көгілдір отын жүйесіне қосылған.

Нұрлан Аманқұлов, Шымкент қаласы энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы: «158 – тұрғын үйге газ қондырғылары орнатылды. Жобалық құны – 147 млн. теңгеден астам. Бүгінгі таңда 9 ЖСҚ дайын. Даму стратегиясына сай 2025 жылдарға арналған стратегиясына сай бірнеш жобаны әзірлейміз».

Жаңа жылды көмірмен емес, көгілдір отынмен қарсы алу жергілікті халықтың өзіне тікелей байланысты. Мамандар газ жүйесіне қосылу қауіпсіздік техникалық ережелерге сай жүргізілуі керек дейді. Жылыту қондырғыларынан ақау шықпас үшін жүйелер талапқа сай жабдықталуы тиіс.

Бұл нысандардың құрылысы аяқталған соң қаланы газдандыру көрсеткіші 92 пайызға жетеді. Қос нысанның жобалық – сметалық құжаттамасы қазір жасалып жатыр. Шаһардағы көгілдір газға деген сұраныс сағатына 250 мың текше метрді құрайды.

Қазір 2019-2021 жылдарға арналған автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысын салу қажеттігі туындап отыр. Әзірге көгілдір отын «Көкбұлақ», «Алтын төбе», «Асар-2», «Қайнарбұлақ», «Ақтас», «Ақтас-2», «Айкөл» шағынаудандарына жетпей отыр. Жауаптылар осынау елдімекендерді газбен қамту үшін барын салуда.

Мақпал Рысбаева