2019 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда зейнетақы өсті

462
inform.kz

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова Қазақстанда зейнетақыны индекстеу Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл сайын және жылдың басында жүзеге асырылатындығын айтты.

«Ол инфляциядан 2 процентке ілгері жүреді, биылғы жылы біз бұл көрсеткішті 9 процентке жеткіздік. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, индекстеу қосымша инфляция деңгейінде жүргізіліп, оның үстіне 2 пайыздық мөлшер қосылады», — деді министр.

Оның сөзінше, базалық зейнетақының жаңа форматы оны 67 процентке көтеру дегенді білдіреді.

«1 млн-ға жуық зейнеткер базалық зейнетақыны ең төменгі өмір сүру көрсеткішінен 100 процент көлемінде ала бастады. Яғни, базалық зейнетақы олар үшін екі есеге артты. Жалпы, зейнетақы базалық, ынтымақты және жинақтаушы болып үшке бөлінеді. Ынтымақты зейнетақыны біз инфляцияны негізге ала отырып, 2 процентке артығымен индекстейміз. Ал базалық зейнетақыны Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша орташа алғанда 67 процентке арттырдық»,-деп түсіндірді министр.

Сондай-ақ ол қазіргі таңда Қазақстандағы зейнетақының деңгейі көршілес мемлекеттер мен ТМД-ға мүше елдердің қай-қайсысынан да жоғары екендігін атап өтті. «Зейнетақының орташа мөлшері 3 компонентті қоса алғанда 101 мың теңгені құрайды»,-деп түйіндеді ведомство басшысы.

inform.kz