Америкалық спортшы Қазақстанда қол күрестің мықты дамып келе жатқанын айтты

418

Еліміздің ең мықты спортшылары тағы да Шымкентке жиналды. Бұл жолы Қазақстан чемпионаты қол күрестен басталып отыр. Бәсеке республикамызда армрестлингтің негізін салған Владимер Дрекслердің 80 жылдығына арналған.

Шаһарымызда басталған біріншілік ерекшелігі мұнымен бітпейді. Жарысқа АҚШ армрестлингінің басшысы да арнайы келген екен.

Кобра, қол күрестен АҚШ федерациясының президенті: «Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қазақстанның дәл осы спорт бойынша алда екенін барлығымыз білеміз. Сондықтан да тәжірибе алмасу үшін арнайы келіп отырмыз».

Қазақстанның әр аймағынан жиналған командалардың жалпы саны 17. Әр аймақтың намысын қорғайтын 300-ден астам спортшы 11 салмақ дәрежесінде сынға түседі. Олардың арасында елімізде ғана емес әлемде өздерін дәлелдеп үлгерген шардаралық жерлестеріміз де бар.

Еске сала кетейік, спортшылар жақында ғана өткен Әлем кубогында 12 алтын алып, командалық жеңіске жеткен еді.

Сейфолла Нұрхалықов, қол күрестен Түркістан облысының аға жаттықтырушысы: «Жарысқа алыс-жақын елдерден арнайы қонақтар келді. Бәсекенің жоғары деңгейде ұйымдастылғанын айтуда. Айта кетейік, жарыс спортшыларды Азия біріншілігіне іріктеу үшін өткізілуде».

Сайыста сәтті өнер көрсеткен спортшылар сары құрлықтық сайыста сынға түсетін болады. Биылғы Азия чемпионаты Қырғызстан Республикасында жалауын көтермек.

Назерке Үкібасова