Көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті

1006

Көркем сөздің көсегесін көгертер шеберлер сахнаның шырайын келтірді. Қазақ әдебиетінің қаймақтарынан үзінділер оқып, бірауық әдебиет әлеміне саяхат жасатты. Жастар кітап әлемінен қол үзіп бара жатқан шақта әдеби әлеммен қауыштыратын мұндай байқаулар қажет дейді ұйымдастырушылар.

Шымкент қалалық «Тілдерді оқыту әдістемелік орталығының» ұйымдастыруымен «Көркем сөз оқу шеберлерінің» байқауы өтті. Биылғы байқауға 50-ден астам жас қатысуға ниет білдірген. Қатарластарынан оза шапқан12 қатысушы іріктеліп алыныпты. 21 жылдан бері өткізіліп келе жатқан байқауға қатысуға ниет еткендердің қатары жыл жылжыған сайын артып келеді екен.

Нұрила Жұманова, Шымкент қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығының директоры: «Байқаудың ерекшелігі жергілікті ақын жазуышылардың, қазақ драматургтарының, әлем әдебиетінен үзінді оқиды. Тағы бір ерекшелігі кәсіптік техникалық мамандықта оқитын жастар бақ сынайтын болады. Оқу мәнері, сөйлеу мәдениеті, тіл тазалығына қазылар алқасы мән беретін болады».

Бәйдібек ауданынан келген Мәди Сәулебек мұндай байқауларға алғашқы қатысуы емес. Сахнада алдымен Күлия Айдарбекованың «Тәубә» атты хикаясын, Джеймс Гримвудтың «Өгей шеше» және Асқар Сүлейменовтың «Ақ кемпір» прозалық шығармасына дайындалып келіпті. Дәнекерлеуші мамандығын игеріп жүрген жас талап өзінің болашағын басқа салада сынап көрмек.

Мәди Сәулебек, №19 кәсіптік колледж студенті: «Бұл байқауға мен түрлі жанрда дайындалып келдім. Байқауға қатысып, ары қарай бағымды сынамақпын. Жұлдызым жанса деймін. Актерліқ қабілетіміді ары қарай дамытсам деймін. Шымкенттегі М.Әуезов атындағы ОҚМУ – не оқуға түсіп, білімімді жалғастырсам деймін. Көбіне саханаға шығып байқауларға қатысып жүргеннен кейін өзімнің төселіп келе жатқанымды байқап отырмын».

Санат Пазыл, ОҚМПУ-нің студенті: «Бұл байқау болғанымен жастарға берер тәрбиелік тағылымы мол шара. Қазіргі таңда әдебиетіміз шарықтап тұр деп айта алмаймын. Көп адам кітап оқымайды. Ең бастысы бұл байқау бізді кітапханаға баруға мәжбүрледі. Өзің оқитын шығарманы жаныңмен түсінбесең, көрерменге жеткізе алмайсың».

Байқауда бағын сынағандардың дені тіл тазалығын сақтап, сахна мәдениетін толық меңгеріп кетпесе де, әдебиетке ғашық екендіктерін дәлелдей білді. Әр сөзді мағыналы етіп, жүрек көзінен өткізіп, көрерменге шебер жеткізе білуімен ұтты… Бас жұлде иегері облыстық байқауға жолдама алатын болады.

Гүлжан Көшерова