Шымкент әуежайының қызметкерлері қауіпті ауруға шалдыққан «науқасты» күтіп алды

590

Дубайдан ұшып келген ұшақты арнайы қызметкерлер күтіп алды. Алыс елден ұшып жеткен әуе кемесі бет аузы тұмшаланған мамандар қоршауында қалды. Алпауыт елден келген ұшақта нендей жағдай орын алды? Тынышты алған террористер ме, әлде басқалай жағдай ма?..

Бүгін Шымкент халықаралық әуежайында Дубайдан ұшып келген ұшақ арнайы қызмет мамандарының қоршауында қалды. Ұшақтың борт – инженері жолаушылардың бірінің дене қызуы көтеріліп, өзін жайсыз сезінгені жайлы хабарлаған. Қауіпті инфекция жұқтыруы мүмкін деп күдіктелген азаматшаны мамандар арнайы киімге орап ұшақтан түсіріп алды. Бұл Шымкент әуе жайындағы оқу-жаттығудың сценарий болатын. Бүгін аталған әуежайда жұқпалы аурулардың таралу қаупін жою үшін төтенше жағдайларға қарсы әрекет ету бойынша жаттығулар өткізілді.

Гарипжан Алиев, Шымкент әуежайы санитарлы карантин бақылау бөлімінің бас маманы: “Бүгінгі оқу-жаттығу жоғары деңгейде өтті. Қауіпті эпидемиялық аурулардың таралып кетуінің алдын алу мақсатында жүргізілуде. Күрделі жағдай туындай қалғанда әуежайдағы барлық қызмет өкілдері жұмыла жұмыс істеп, ары қарайғы іс қимылдарын пысықтауына септігін тигізеді. Жоспарлы түрде өткізілетін мұндай оқу жаттығулар әуежай қызметкерлерінің қандай жағдайға да даяр екендігін көрсетіп отыр. Дер кезінде, жылдам қимылдап, қауіптің бетін қайтаруда дайындықтары жоғары”.

Арнайы оқу-жаттығуға барлық рейстердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әуежай қызметкерлері, сондай-ақ, қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары атсалысты. Қазақстан мен Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Оңтүстік Америка елдерінің арасында тікелей байланыс бар. Жолаушылар тасқынының көптігінен шетелдіктерден жұғатын аурулардың өршіп кетуі әбден ықтимал. Сондықтан да қандай жағдай болмасын бәріне дайын болу қажет дейді қызметкерлер.

Дария Әзімбаева, көліктегі қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы: “Бізге жақын шығыс елдерінен яғни, Дубай, Шарджа елдерінен рейстер келеді. Ол елдерде каронавирусты инфекция тіркеліп жатыр. 2018 жылы Грузияда Н1 және N1 тұмауы тіркелген. Аталған дерттердің алдын алу үшін қарқынды жұмыстар қажет. Арнайы қызмет мамандары оқу-жаттығу барысында өздерінің жұмыстарын пысықтайды”.

Былтыр Алматыда 10 адам тырысқақ ауруынан күдіктелген. Санитарлық – карантиндік бақылау қызметкерлердің қырағылының арқасында ары қарай таралуына жол берілмеді. Осындай қауіптің алдын алу мақсатында көліктегі қоғамдық денсаулық сақтау департаменті Астана, Ақтау қалаларында бүгін Шымкентте оқу жаттығу өткізіп жатыр. Мұндай оқу – жаттығу жылына бір рет өткізіліп тұрады.