Шымкентте балабақшаларға биометриялық кесте жүйесі енгізілуде

452

Біздің елде санды технологиялар бар салаға дендеп еніп жатыр, деп жазады «Хабар 24» тілшісі. Бір мысал. Шымкенттегі балабақшалардың алды кіреберіске саусақ ізімен жұмыс істейтін құрылғы орнатып жатыр. Ол қондырғы бүлдіршіннің бөбекжайға келген-келмегенін, уақытын түгелдей көрсетіп тұрады.

Биометриялық кесте жүйесі әзірге шаһардағы үш балабақшаға қойылған. Жыл соңына дейін барлық мекемелер осы цифрлық жүйеге өтеді деген жоспар бар. Балабақшада тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндердің саусақ іздерін биометриялық кестеге ендіру үшін әуелі ата-аналар келісім берген. Мұнда әрбір саусақ ізі үшін бірегей цифрлық код беріледі.

«Осы арқылы баланың бақшаға келген-келмегендігін анықтап отыруға болады», – дейді жүйені ойлап тапқан серіктестік басшысы Бекзат Егембердиев.

Бекзат Егембердиев, серіктестік басшысы: «Тағы бір ерекшелігі, қауіпсіздік үшін де қажет. Егер саусақ ізіңіз бірегейлік сандық кодқа сәйкес келмесе, бақша есігі бөгде адамға ашылмайды. Яғни мұнда болашақта камералар орнатылады. Ол сіздің фейсіңізді, яғни түр-тұлғаңызды анықтайды. Ол базаға түсіп отырады».

Бұл жаңа жүйе ең әуелі мектепке дейінгі білім беру мекемесіне келетін баланың нақты санын айқындап береді. Сосын әрбір балабақшаға бала басына мемлекет есебінен төленетін қаржыны автоматты түрде есептейді.

Ақерке Абылайхан, қалалық білім басқармасының басшысы: « Бізде бұл база арқылы әрбір баланың балабақшаға келгендігі немесе келмегендігі жөнінде нақты ақпарат ала алатын боламыз. Сонымен қатар бұл жүйеде қаражаттың есеп-қисабы толық көрсетіліп тұрады. Бұл жүйе өз тиімділігін көрсеткен жағдайда, оны келешекте енгізу жоспарымызда бар. Қазір алғашқы тұсаукесеріне қатысып отырмыз».

«Сана» деп аталатын бұл сандық жүйе әуелі мемлекетттік тапсырысты орындайтын балабақшаларға қойылады. Қазір биометриалық кесте пилоттық жоба ретінде жүзеге асуда. Егер де нәтижесі оң болса, барлық балабақшалар осы құрылғыны сатып алып орнататын болады.