Шымкентте полицейлер құжаты жоқ 270 шет елдік мигрантты еліне қайтарды. Шекара асып келген мигранттардың басым бөлігі Өзбекстан елінің азаматтары. Шетелдіктер қалада заңсыз еңбек етіп жүрген.
Құжатсыз қонақтар уақытша қамау абақтысына жеткізілген. Дәл осы тәртіппен 145 азамат арнайы мекемеге орналастырылған. Сондай-ақ, заң бұзған 84 шетелдік әкімшілік қамауға алынып, өзге елдің 14 азаматы сот шешімдерімен ел аумағынан шығарылған.
Ағымдағы жылдың қаңтар айының 16 мен 20 күндері аралығында, Республика көлемінде өткізілген «Мигрант» жедел профилактикалық іс шарасы аясында Шымкентте полицейлер тындырымды жұмыстар атқарған.
Шымкент ҚПД КҚҚБ ««Мигрант» жедел профилактикалық іс-шарасының 5-тәулігінде Шымкент қаласы бойынша Қазақстан Республикасына келу, болу және ҚР-нан кету ережелерін бұзған барлығы – 442 шетелдіктер мен ҚР азаматтары анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оның ішінде: 385-і шетелдік, 57-і ҚР азаматтары. Аталған құқықбұзушылардың 293-і ескертілген, 51-не әкімшілік айыппұлдар салынып, 84 шетелдік әкімшілік қамауға алынды. Өзге елдердің 14 азаматы сот шешімдерімен ел аумағынан шығарылған. 89-шетел азаматтарының Қазақстан Республикасында болу мерзімдерін қысқартылып, 426 тұлғаның саусақ іздері алынды.
Өзге елден келген келімсектерді заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен – 46 жергілікті азамат анықталған. Олардың барлығының кінәсі толық дәлелденіп, заң алдында жауапқа тартылған.
Лаура Нақыпқызы