Темір жол бойында қайғылы оқиғалар көбейіп барады

545

Темір жолды кесіп өтіп, мерт болатындар көбейіп барады. Биылдың өзінде екі адам жол торабында қайтыс болған. Үнемі сақтықты ескертуден жалықпайтын мамандар, темір жол маңын қоршауға алса да қайғылы оқиғалар тыйылмай отырғанына налиды.

“Химфарм” шағынауданының тұрғыны Вера Анатольевна 25 жылдан бері өз өмірін қатерге тігіп, күнделікті темір жол бойымен өтеді. Тек өзі ғана емес, немере қыздарын таң атысымен балабақшаға алып барады. Азаматшаның айтуынша, жолды айналып өткеннен гөрі, төте жолмен қиып өткен тиімді.

Вера Косарева, қала тұрғыны: “Әркім өз үйіне жақын жердегі жолды қиып өтеді, бәріміз осыған үйреніп қалдық. Қорықсақ та өтеміз, басқа амал жоқ”.

Ағымдағы жылдың қаңтар, ақпан айларында екі адамды пойыз қағып кетіп, екеуі де ажал құшты. Ал былтыр тоғыз жағдай тіркеліп, алты адам мерт болған. Барлығына себеп сақтықты ескермегеннен. Алайда адамдар темір жолды кесіп өту әдетінен арыла алмай отыр.

Пойыздың тоқтауы үлкен шығынға әкеп соғады дейді мамандар. 39 шақырым қашықты алып жатқан темір қоршаудың өзі халықты тоқтатпайды, керісінше 181 дана темір қоршауын сындырып, жолды ашып алған. Енді бірі ұрлап, 5 млн. 900 мың теңге шығын алып келді дейді. Ал темір жол қызметкерлері қанша түсіндіру жұмыстарын жүргізсе де, тіпті 50 метр жерде орналасқан жер асты өткеліне баруға ерінеді екен.

Әбдірахман Өмірбекұлы, Шымкент темір жол станциясының еңбекті қорғау жөніндегі жетекші инженері: “Түсіндірме жұмыстары жасалғанмен, ешқандай нәтиже жоқ. Бүгінгі таңда 3 286 шақырымның 5 бекетінде қызметтік өткелден қаншама бөгде адамдар өтіп жатыр. Халыққа қанша рет айтып насихат жұиыстары жүргізілсе де бәрібір. 150 метр жерде жер асты тунелі бар, ол жерден ешкім өтпейді”.

Қайғылы жағдайлардың алдын алу адамның өзіне байланысты. Белгіленбеген жерден өтуді тоқтатпаса, айыппұл салынады.

Қасымхан Хамытбек