ҚР Президенті Қ.Тоқаев Шымкенттегі әкімшілік-іскерлік орталығында болды

228

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Мемлекет басшысы алдымен қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында болып, мегаполисті көріктендіру жобаларымен танысты.

Президенттің назарына Shymkent City қалашығының, әуежайдың жаңа терминалының, цитадель, Қошқар ата өзенінің бойы мен «Тұран» шағынауданының жобалары ұсынылды.

Айта кетейік, әкімшілік-іскерлік орталықта көпқабатты 47 үй бой көтереді (2990 пәтер). Оның ішінде 33 үй бюджет есебінен салынса, қалғандары инвестиция есебінен салынбақ.

Қазақстан Президенті Шымкентке жұмыс сапары аясында «Азала Текстиль» фабрикасына келді. Осындағы жұмыс барысымен танысты. «Азала Текстиль» фабрикасында бүгінде 650-ден астам адам еңбек етеді. Олар нарыққа көрпе мен жастық тысы, сүлгі мен жаймалар, тұрмысқа қажетті тоқыма бұйымдарын шығаруда. Кәсіпорын айына 500 тонна мақтаны өңдеп, одан 1,5 миллион метр мата тоқиды.

Үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен келген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкенттегі жаңадан ашылған заманауи клиниканың жұмысымен танысты. Шымкентте баламасы жоқ бірегей медициналық құрылғысы бар орталықта тұрғындарға медициналық қызметтің барлық түрі көрсетіледі.

Клиникада қаладағы алғашқы спорттық медицина орталық жұмыс істейді. Мұнда кәсіпқой спортшылар дайындық пен оңалту процестерін өте алады. Клиника жетекшілерінің айтуынша, мұнда тәулігіне 500-ге дейін адам қабылдай алады.

shymkent.gov.kz