ЖАЛҒЫЗДЫҚТАН ШАРШАҒАНДАР…

360

Газетіміздің «Сізді іздедім» айдарынан кейін екінші сыңарын кездестіргендер бар. Басылым қолдауымен арнайы танысу кешін ұйымдастырған Жәдігер Құлсариев бізден сүйінші сұрады. Тағдырлас замандастарының екінші жұбын табуға көмектесуді еліміздің өркендеуіне қосқан үлесі санайды.

«Әркім өз өмірін бақытты сүруге құқы бар»

– Бір патша болыпты. Ол халқына өте қамқор болған екен. Аптаның бір күнін қарапайым адам ретінде киініп, уәзірлерімен кездесіп, халықтың тыныс-тіршілігімен танысып шығатын көрінеді. Бір күні шеберханада ағаш ұстасы керемет бір мүсін жасап жатыр екен. Шеберлігі соншалық, сахнада арнайы қойылым ретінде қойып жатқандай әсер қалдырады. Оны патша бір сағаттай тамашалап, уәзірлеріне «мұндай адамдарды қолдап, шабытының шыңдалуына көмек көрсетуміз керек» деген екен. Сөйтіп патша оның шығармашылығына қажетті барлық шығынын көтеріпті,-деп бастады әңгімесін Жәдігер.

«Солай арымен қарай келе жатса бір қарапайым үйде өте сұлу әйел құдықтан су алып жатқанын көрген. Оның сұлулығына тамсанған патша әйелді «мұндай қарапайым үйде жасамасын. Мұны біздің зәулім сарайлардың біріне апарыңдар, сұлулығына сай сән-салтанаты келіскен жерде өмір сүруі керек» деген бұйрық берген. Уәзірлері айтқанын бұлжытпай орындайды.
Келесі аптада патша алдындағы ағаш шеберінің өнерін тамашалауға тағы келген екен. Сөйтсе ол бұрынғыдай ештеңе жасай алмай жатады. Қолына ұстаған құрал-саймандарының бәрі түсіп, ойын жинақтай алмай тұрған.
Оны көрген патша шебердің не себепті бұл жағдайға түскенін сұраған. Сонда уәзірлері өткендегі құдықтан су алып жатқан әйелдің осы ұстаның жары болғанын, қасында қолдаушы әйелі жоқтығынан осындай жағдайға түсуі мүмкін екенін айтқан. Патша бірден ол әйелді өз үйіне алып келуін бұйырады.
Кейін кезекті халықтың жағдайымен танысуға шыққанында шебер жігіт бірінші көргеніндей керемет туындылар жасап жатады. Сол сәтте патша ең бастысы ер азаматтың қасында оның жан-дүниесін түсініп, оған қолдау көрсететін жары болғанда кез-келген қолға алған ісі алға басатынын түсінген. Ал ер азаматтардың ойы шашырамай, жұмысына беріле кіріскенде мемлекет алға өркендейтінін білген.
Тура сол сияқты әйел адамның да жанында арқа сүйер ер азаматы болғанда олардың да тірлігі тындырымды болары анық.
Сондықтан мен еліміз өркендеуі үшін, қолымнан келетін осы бір тірлікті қолға алдым. Бізде қазір жан-жарынан айырылып, жалғыздықтың азабын сыртқа білдірмесе де іштей сезініп жүрген жандар көп. Олар да өзіне берілген өмірді қолынан келгенше жақсы өткізуге құқы бар».

«Оңтүстік Рабат» газетінің «Сізді іздедім» айдары танысу кешін ұйымдастыруыма түрткі болды»

Жәдігер бейбіт өмірді, заманның өркендеуін, жамандықтың болмауын адам жанының тыныштығымен байланыстырады. Айтуынша, қазіргі бастамасының жүзеге асуына «Оңтүстік Рабат» газеті түрткі болған.
«6 жылдан бері «Оңтүстік Рабат» газетінің тұрақты оқырманымын. Мен осындай хабарландыруды біздің өңіріміздің белді басылымдарының бірінен көргенімде қатты қуандым. Бір минут та ойланбадым. Бірден редакцияға хабарласып, өзіме қандай жар іздейтінімді айтып, байланыс нөмірлерімді бердім. Бір қызығы хабарландыруға жөндеуде жатқан телефонымның нөмірін беріп жібергенімді байқамай қалыпын. Дегенмен маған хабарласқысы келген адамдар болыпты. Өзіңіз білесіз, олар редакцияға хабарласу арқылы екінші нөмірімді алған. Сонымен бірнеше қыз-келіншек хабарласты. Бірақ ешқайсысымен бетпе-бет кездесудің сәті түспеді. Алдағы уақытта бір кездесіп отырып, тәтті шай ішу жоспарымызда бар. Кейін газетті қолыма алсам, өзіне екінші сыңарын іздеуші адамдардың хаттарын жиі оқыдым. Бұл жағдайдың өзекті мәселе екендігін білемін. Бірақ біздің күнгейліктер не дегенмен ұяң, ұялшақ келеді ғой. Сондықтан бастамаға ыстық ықылас таныта қоймас деген ойдан ақырындап арыла бастадым. Өйткені басылымға жарияланған хаттар саны мені жаңа бір жоба ашуыма түрткі болды. Сөйтіп редакторларыңызға хабарласып, жаңа жобама ақпараттық қолдау көрсетуін сұрадым. Газеттің бас редакторы Жәнібек Нұрыш ініме үлкен алғыс айтам. Ұсынысымды бірден қабыл алып, қолдау көрсететінін айтты. Сонымен мен газет айдарының атымен «Сені іздеймін» кешін ұйымдастырдым».

Алғашқы кешке келушілердің арасында әйелдер көп

Кешке ұйымдастырушылардың күткенінен де көп адам жиналған. Жәдігердің айтуынша, өңіріміздің аудан-аудандарынан бөлек әлеуметтік желіге жарияланған хабарландыру арқылы басқа облыстан да қатысушылар болыпты.
«Алғашқы кешке 40-қа жуық адам келді. Оның 30-ға жуығы әйел адамдар қалғаны еркектер болды. Біз ол кешті жайдан-жай іш пыстырарлық кеш ретінде өткізген жоқпыз. Сөзге шебер белсенді келген бір еркек пен бір әйелді жүргізуші ретінде тағайындадық. Бір-бірін танымайтын алғаш кездесіп отырған адамдар ыңғайсызданатынын ескеріп, олардың біте қайнасып кетулері үшін арнайы ойындар да ұйымастырдық. Қолымыздан келгенше түрлі сыйлықтар жасадық. Енді бұл алғашқы кеш. Сондықтан аздаған кемшіліктер болды. Бастапқыда адамдар ұялып, сызылып отырды. Соңғы сәтте ғана үйренісіп жатты. Егер шынымды айтсам, кештен кейін, қол ұстасып. көңіл жарасып шыққандарды көрдік. Ол бізді қуантты әрине. Ал, әрмен қарай ол азаматтардың жеке өміріне араласа алмаймыз. Керек деп тауып жатсағ маған немесе сіздерге хабарласу арқылы өз қуаныштарымен бөлісе жатар. Мен мынаны айтқым келеді. Кештен кейін арнайы алғысын айтып, өздерін бақытты сезінген адамдар көп болды. Тіпті бұған қатыса алмай қалушылар тағы да өткізілетінін білу үшін жиі хабарласып жүр».

Ойын өзгертуге әсер еткен көршісінің оқиғасы

Жәдігер алғашқы танысу кешін өткізіп, сосын тоқтатамын деген екен. Бірақ бір оқиға ойын өзгерткен.
«Менің жалғызбасты көршім бар еді. Ол адамды сыртқа шыққан кездерімде көріп тұратын едім. Адамдармен араласа бермейтін, тұйықталып қалған кісі болатын. Бір күндері ол адам көрінбей қалды. Денсаулығы сыр беріп жүретін еді. Мүмкін ауруханаға жатқан болар деген ойға келдім. Бірақ арадан оншақты күн өткеннен кейін алаңдай бастадым. Көп қабатты үйде тұрамыз. Түрлі есеп жасайтын адамдар да келіп, есігін қағып, ашқыза алмай жүрген соң «мүмкін үйінде ауырып жатқан болар» деген оймен есігін ашқызуға адамдар және полиция-ларды шақырттық. Есігі темір болғандықтан адамдар айнасынан кірді. Сол сәттегі көрініс бізге өте ауыр тиді. Ол кісі үйінде қайтыс болғанына оншақты күннен асыпты. Тіпті истеніп те кеткен. Бұл жағдай менің жүрегімді қатты ауыртты. «Мүмкін су ішкісі келген болар, дәрісін уақытылы іше алмай қалған шығар» деген ойлар ойымды жегідей жеді. Егер қасында жары болғанда басқаша болар ма еді? Кім білсін? Бұл жағдай да менің жобаны жалғастыруыма себеп. Жалғыздық тек Жаратқанға ғана жарасқан. Сондықтан адамдар ойлану керек.

«Өзі бақытты болған адам өзгелерді де бақытты ете алады»

Көршісінің тағдырын ауыр күрсініспен баяндаған Жәдігердің бұл бастамасын балаларының бірі қолдаса, енді бірі керісінше қарсылық көрсететін де айтты. Алайда, бұл әрекеті көптеген жалғызбасты жандардың өмірін жақсы жағына өзгертіп жатуы жанына жайлылық сыйлайды.
«Екі ұлым екі қызым және 14 немерем бар. Мысалы бір балам қолдаса, екіншісі қарсы шықты. Қыздарым және келіндерім қолдап жатыр. Мен бұған қуанамын. Адамдар мынаны түсінсе ғой. Мысалы өмірде тек жан-жарыңнан басқа ешкімге айта алмайтын одан басқа ешкіммен бөлісе алмайтын жағдайлар болады. Оны мен келініммен немесе қызыммен бөлісе алмаймын ғой. Осындайда әйелің болса, қандай жақсы. Жай ғана біреуге ренішіңді де балаларыңа айта алмайсың. Ал өкпе-реніштің барлығын ішке жинай берген адам ауру болады түбінде. Сені тыңдап, саған ой қосатын, ренішіңді түкке тұрғысыз екендігін айтып түсіндіретін және ондай жағдайдан қалай шығу керектігін көрсететін жары болу еркек адамға үлкен бақыт. Осыны жастар түсіну керек. 38 жыл отасқан әйелім өткен жылы жазда қайтыс болды. Маған өте ауыр тиді. Жанымда балаларым болса да бәрібір бір жаным құлазып тұрады. Мен ғана емес, мен сияқты қаншама тағдырластарым бар. Ал, біздің оңтүстің өңірінің халқы ұяң, ұялшақ болып келеді. Іштей ол нәрсені қаласа да «осы жасқа келіп жар іздегенім ұят болады» деген түсінікке байланып қалған. Олар екінші сыңарын тапқысы келеді. Бірақ қандай жолмен кездестіре алатынын білмейді. «Осындай адамдарға да жігер болсын» деген ниетпен сіздермен бірлесе осы жобаны қолға алдым. Қолдауларыңызға көп рахмет. Сіздердің ақпараттық қолдау көрсетулеріңіздің арқасында маған «Бірінші кешіңізге қатыса алмай қалдық. Мына бастамаңыз керемет екен, біз сізді қолдаймыз» деп хабарласаушылар көп болды. Тіпті қоғамға белгілі, белсенді азаматтар да бұның өте жақсы жоба екендігін айтып, ризашылығын білдірді. Осы қаңтар айының 26-сына тағы да өтеді. Бірінші кеште кездескен кемшіліктерді қайталамай, жақсылап өткіземіз. Кез-келген адам ең бірінші өз бақыты үшін өмір сүруі керек. Ал, өзі бақытты болған адам өзгені де бақытты ете алады».

«Сізді іздедім» жобасы арқылы сыңарымды таптым

Лес Қуандықов – 59 жаста. Шымкент қаласының тұрғыны. «Сізді іздедім» жобасы аясында екінші сыңарын тапқан ол, өз қуанышымен бөлісіп, игі бастамаға қолдау көрсеткен редакция ұжымына алғысын айту үшін арнайы келіпті.

«Мен «Оңтүстік Рабат» газетінен хабарландыруды кеш көргендіктен алғашқы кешке қатыса алмадым. Кейін кештің өткенін «Отырар» теларнасынан көрдім. Сөйтіп газетте жазылған Жәдігер ағаның нөмірін алып хабарластым. «Тағы кеш болса айтыңыз» деген оймен. Алайда ағам маған сол кешке Сарығаштан арнайы келген нәзік жандының нөмірін берді. Әйелімнің қайтыс болғанына 5 жылдан асты. Ал, ол кісінің жолдасының өмірден озғанына 12 жылдай болыпты. Алғаш хабарласар кезде әрине менде толқу басым болды. «Мүмкін сөйлеспей қоятын шығар, ұрсып тастай ма» деген ой мазалады. Не дегенмен әйел заты ғой. Жас емеспіз. Бірнеше рет қоңырау шалдым. Бірақ көтермеді. Мүмкін немерелерімен уақыты болмай жатқан болар деп қайта мазаламадым. Кейін қайта хабарласқанымда тұтқаны көтерді. Мен нөмірін Жәдігер ағадан алғанымды айтып, танысуға рұқсат сұрадым. Ол кісі де келісімін беріп, солай таныстығымыз басталды. Телефонда бір аптадай сөйлестік. Енді біз жас емеспіз. Таңды таңға ұрып сөйлесе бермейміз. Көп ұзатпай «кездесуіміз керек» деп ол кісіні Шымкентке шақырдым. Өзім Сарығашқа барайын десем, таныстары. бала-шағалары көріп қалып, ұялып қалар деп осында шақырдым. Сол сәтте өзі де қалаға жұмыстарымен келгелі отыр екен. Жұмыстарын аяқтаған соң кездестік. Әңгіменің ашығы бір-бірімізге жақтық енді. Бала-шағаларымыз да білді. Менің балаларым мені қолдады. Әсіресе үлкен қызым қатты қолдау көрсетіп, маған көмек берді. Әрқашан қасымнан табылатынын айтып, ең бастысы менің бақытты болуым оларды да бақытты ететіндігін жеткізді. Ол үшін балаларыма алғысым шексіз. Әзірге бала-шағаларымызбен танысқан жоқпыз. Жақында ғана екеуіміз Алматыға Жәдігер ағамен бірге бағдарламаға қатысып қайттық. Ендігі міндет балаларымызбен танысу болмақ»

Осылай деп ағынан жарылған Лес Қуандықовтың өзі тағдырлас замандастарына айтары бар.
«Осы жастан кейін маған жардың керегі шамалы» дейтін замандастырма ойларының өте дұрыс еместігін айтқым келеді. Егер іштей қаласа, онда ешкімнен қысылып-қымтырылмай өз қалауын жасай білуі керек. Мынау техниканың дамып, халықтың көкірек көзі ояу болған заман. Жәдігер аға айтпақшы балалармен де бөлісе алмайтын жағдайлар бар. Сондайда сыңарын керек-ақ. Махаббат тек 18 жаста болмайды. Махаббат өле-өлгенше болу керек. Екінші рет үйленгенде де әйел адам-ақ көйлек киіп, той жасауға не кедергі? Сондықтан замандасарым ұялып, ыңғайсыздануды доғарсын. Екінші кешке келіп, көңіліне жаққан адам болса өмірін бірлестірулерін тілеймін.
Түйін: Міне басылымның танысу бұрышы арқылы бағын тапқандар тек алғысын айтуда. Өмірлік жарын кездестірген кейіпкерлеріміздің шын бақыттың дәмін татқанына біз де қуаныштымыз. Бақытты жандар көбейсе – біздің мақсаттың орындалғаны. Қадірменді оқырман, сіз де өз оқиғаңызбен бөлісіп бізге хабарласыңыз.

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат» газеті, 4, 23 қаңтар 2019 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті