Есірткі мен қару-жараққа тосқауыл

154

Оңтүстік шекарада есірткімен, солтүстік шекарада қару-жарақ және оқ-дәрімен Мемлекеттік шекарадан өтпек болған адамдар ұсталды.

«Оңтүстік» өңірлік басқармасының «Сарыағаш-теміржол» бөлімшесінде «Ташкент – Уфа» бағытындағы № 381 пойыздан қызметтік иттің көмегімен 39 жастағы Өзбекстан азаматы ұсталды. Ол «марихуана» есірткісін аяқ киіміне жасырып алып өтпек болған екен.

Сондай-ақ, Қордай шекара отрядының «Сортобе» бөлімшесінде 39 жастағы қазақстандық гашиш есірткісімен, 38 жастағы қырғыз азаматы күртешесінің жеңіне тігілген 250 граммға жуық «марихуана» есірткісімен ұсталды. Ұсталған азаматтар айғақ заттарымен Сарыағаш және Қордай аудындары бойынша полиция бөлімдеріне тапсырылды.

Семейдің «Үбе-авто» бөлімшесінде шекара наряды Ресейге шығып бара жатқан 33 жастағы Қазақстан азаматының автокөлігіндегі заттардың арасынан калибры 8 мм «RЕCК» маркалы газ тапаншасы мен оның оқтарын, «JSJ 609» электрошокерін тауып алды. «Ауыл авто» бөлімшесінде 1977 жылғы Ресей азаматшасының «Тойота Тундра» автокөлігінен аңшы мылтығының оқ-дәрілері табылды. Ұсталған азаматтар Шемонайха және Бородулиха аудандары бойынша полиция бөлімдеріне тапсырылды.

 

QAINAR KÓZҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі