Әлемдік спорттық сайыстардың жеңімпаздарына құрмет көрсетілді

204

Түркістан облысы Шардара ауданының әкімі Болатбек Қыстауов әлемдік жарыстарда жеңіске жеткен шардаралық спортшыларды қабылдады. Малайзия елінің Кучинг қаласында өткен әлемнің ең мықты қол күресшілері ТОП-8 сайысында айқын басымдықпен жеңіске жеткен Қыдырғали Оңғарбаев пен Болгарияның Ботевград қаласында бокстан жасөспірімдер арасында өткен А кластағы Халықаралық турнирде ақтық сынға шығып, күміс жүлдеге қол жеткізген Дияр Романды тамаша жеңістерімен құттықтады.

«Қыдырғалидың сайысын үзбей тамашаладық. Өзінен 50 келі жоғары салмақтағы поляк спортшысы Алекс Курдечаны 5:1 есебімен жеңіп шыққанына қатты қуандық. Алда да осы биіктен түспей, жеңістен жеңіске жете беруіңе тілектеспін. Сол сияқты, әлі 10 сынып оқитын Диярдың да күміс медалі біз үшін алтынмен тең. Алла жазса, бұл жеңісің олмипиада шыңына беттеген алғашқы қадамың болсын», – деді аудан әкімі.

Болатбек Қыстауов еліміздің көк байрағын биікте желбіреткен даңқты спортшыларды «Алғыс хатпен» марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.

Жанар Есенбекова