«Махаббат мюзиклі» сахналанды

281

Облыстық опера және балет театрының алғашқы музыкалық туындысы «Махаббат мұнарасы» деп аталады. Лирикалық шығарма Халықаралық театр күніне орайластырылып қойылған. Өнер ұжымының еңбегін елегендер мерекеге қарсы арнайы сый-сияпаттарын да табыстады.

«Махаббат мұнарасы»! Дәл осындай тақырыпта ұсынылған музыкалық шығарма қос ғашықтың арасындағы ынтық сезімді баяндайды. Бұл ерекше махаббат хикаясына куә болу үшін тек жастар ғана емес, аға буын да көптеп жиналған. Олар екі жас арасындағы адалдық, батылдық пен қызғаныш сезімдері таразыланған туындыны ыстық ықыласпен тамашалады.

Оқиға желісі бойынша бас кейіпкер Мадинаның үлкен сахнадан көрініп, жұлдыз болсам деген арманы болады. Ал Аян сүйіктісінің өнер жолына баруына түбегейлі қарсы. Осы орайда қос ғашықтың арасында түсініспеушілік жиілеп, түрлі сынаққа тап болады. Бас кейіпкерлерді сомдаған әртістерге бұл сезімдер таныс екен.

Мәдіхан Дүйсенов, Аян рөлін сомдаушы: «Біз өнер адамымыз ғой. Сондықтан біз барлық нәрсеге шынайы берілеміз. Менде ғашық болғанмын. Сондықтан Аянның сезімдерін жеткізе аламын. Образға, рөліме толықтай ене аламын деп ойлаймын».

Туындыны сахналау үшін 60-тан астам театрдың өнерпаздары атсалысты. Айталық, хор әртістері, балет ұжымы мен солистер өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ, мюзиклдің авторлары да оңтүстіктің өнер майталмандары. Қайталанбас музыкалық туындыларды ұсынған Светлана Ахметова да қойылымда өзінің 22 әуезді әнінің қолданылғанын айтады.

Светлана Ахметова, композитор: «Мюзиклға кіретін әндер біздің жанымыздан шыққан әндер. Көп стильде. Рок элементтері мен джаз да кездеседі. Эстрадалық жанр жеңіл жанр деп есептелінеді. Сондықтан біз классикалық жанрға сәйкестендіріп жазғанбыз».

2 көріністен тұратын қойылым театр төрінде осымен 4-рет сахналанды. Премьера өткен жылдың қараша айында болған. Айта өтейік, мюзикл әртістері «Халықаралық театр күніне» орай мәдениет басқармасының арнайы сыйлықтарына ие болды.

Айя Мүтәлі