Шымкентте 139 тамақтандыру орнының рұқсат құжаты жоқ

337

Қоғамдық тамақтандыру орындары қауіпті. Шымкентте тиісті рұқсат құжаты жоқ 139 нысан анықталған. Бұл туралы бүгін қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандарының қатысуымен өткен баспасөз брифингінде мәлім болды. Ең сорақысы тиісті талаптарды ескермей отырған бұл кафе-ресторан, барлар жұмыстарын еш шіміркпестен жалғастыруда дейді жауаптылар.  Талапқа сай екенін құжат жүзінде дәлелдемеген орындарда күніне жүздеген адам жүрек жалғап жатыр . Санитар мамандар кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған заңнамалар қолды байлап, бизнес өкілдеріне қандай да бір шара көру мүмкін болмай отыр дейді. Басқарма басшысы Әбдіманап Төлебаев кәсіпкерлік нысандарды тек азаматтардың арыз-шағымы бойынша ғана тексере аламыз дейді. Халықтың денсаулығын емес, бизнесмен қалтасының «қамын» көбірек қамтайтын заңнама талаптарын алға тартқан мамандар жаңадан ашылған орындарды тіпті үш жылға дейін тексермек түгілі маңайына жолай да алмаймыз деп қауқарсыздық танытты.
Кәсіпкерлердің де өз айтарлары бар. Бизнесін жылдар бойы дөңгелетіп отырған іскерлердің арасында тіпті талап етілетін құжаттардан бейхабарлары да табылды. Олардың уәжі түсіндіру шаралары өз деңгейінде жүргізілсе, біз де құжаттарымызды құнттайтын едік дейтінге сайды.
Мақпал Рысбаева