Сынған орындық. Сыны кеткен балалар алаңшасы…

191

Аулаға көңілі толмаған тұрғындар аудан әкімдігінің жұмысына наразы. Бірі жаңартылған жабдықтарға сын тақса, екіншісі оған да қол жеткізе алмай отыр. Атап айтсақ, Ш. Уәлиханов көшесінің тұрғындары жасалғанына жыл толмаған алаңшаның сыры кетіп жатқанын айтады. Ал, Ермановтықтар керісінше Кеңес заманының көзіндей болған орындықтардың қирап жатқанын жеткізіп отыр.

Бұл Шоқан Уәлиханов көшесіндегі №192 үйдің кішкентайлары. Осыдан біраз уақыт бұрын тапсырылған су жаңа алаңшаға қуанған олар, бүгінде ол маңға қорқынышпен жақындайды. Себебі қақпалардың сыны кетіп, жабдықтарның сыры бүлініп жатыр. Ал, ата-аналары Павлодар облысында болған оқиғаны жиі ескертіп отырады екен. Еске сала кетейік, жыл басында футбол қақпасы ойын баласын басып қалып, соңы өліммен аяқталған болатын.

Ал Әл Фараби ауданындағы Ерманов көшесінің тұрғындары 4 жылдан бері абаттандырылған аулаға қол жеткізе алмай келеді. Кеңес заманынан қалған аула жабдықтарын тұрғындар көздерінің қарашығындай сақтап жүр. Ал, балалардың бар ермегі жалғыз баскетбол алаңшасы. Қариялар болса, сынуға шақ тұрған орындықтарда уақыт өткізеді.

Жауаптылар жағдайдан хабардар болып шықты. Олардың биылғы жоспары нақты.

Назерке Үкібасова