Түркістан облысында 90 елді-мекен көгілдір отынға қол жеткізе алмай отыр

164

Облыс мәслихатының кезекті сессиясында депутаттар өңір басшысының назарын елдімекендерді газбен қамтудағы күрделіктерге аударуын талап етті.

Бұл маңызды мәселеде әлі де кемшіліктер жетерлігі баса айтылды.

Әділхан Исабаев, облыс мәслихатының депутаты: «Ордабасы ауданында 2018 жылы АГРС салынды. Газды 2019-2020 жылы халыққа береміз деп айтылды. Енді уәде еткен газбен 2025 жылы қамтылатын болыпты. Жұмысты аяғына дейін жеткізу үшін 12 млрд.  теңге қажет. Алдағы бес жылда ол қаржы қарастырылмаған. Халықтың наразылығн тудыруда».

Халық қалаулысының мәлімдеуінше өңірдегі 90 елдімекенде құрылыс монтаж жұмыстары бітсе де, келіп тұрған көгілдір отынға қол жеткізе алмай құр алақан. Автоматтандырылған газ тарату станциялары мен шалғайдағы ауылдарға газ құбырын тартуда жүйелік болмаған салдарынан күрделіктер барын облыс басшысы  Өмірзақ Шөкеев  жасырмады: «Шалғайдағы ауылдарға дейін газ тартылған. Қажет пе, тиімді ме? Жергілікті билік пен «ҚазТрансГаз» АҚ арасында ешқандай келісім болмаған. Бұл тек біздің өңірдегі қалыптасқан жағдай емес, өзге өңірлерге де тән. Мен бұл мәселені Премьер-министрдің алдында да қойдым. Енді Үкімет араласады».

Кентауға газ жеткізетін АГРС дайын

Ең сорақысы облыс деңгейінде бұл жұмысты үйлестіруде кемшілік болған. Енді мұндай берекесіздікке жол берілмейді деп дөп басып айтты Өмірзақ Шөкеев: «Құбыр, АГРС салады. Ол 3-4 жыл тұрады. Қолданылмаған, күтім жасалмағандықтан ол тозығы жетеді. Алды 2005 жылдан бері салынған АГРС-тер қазір шіріп жатыр.  АГРС,  құбырды салар алдын, газ қайдан келеді, оның бағасы қандай болады және  оны салу үшін неше қаржы жұмсалады, ол елдімекенде неше халық тұрады деген сауалдарға жауап болуы тиіс. Мемлекет қаржысын тиімсіз пайдалануға болмайды. Барлығы жүйелі  ақылдасып, барлығы зерттеліп сосын жасалуы тиіс. Бұл мәселені  бірге шешеміз».

Елдің арасында наразылық тудырған газ мәселесінің жоғары деңгейде көтеріліп отырғаны тұтынушылар көгілдір отынның шарапатын көреді деген үміт те жоқ емес дейді депутаттар.

Шынар Оразова