Түркістандық 30 отбасы солтүстікке аттанды

248

Бүгін Түркістан облысы мен Шымкенттен 30 отбасы Солтүстік Қазақстанға жолға шықты. Петропавл қаласын бетке алған тұрғындар аймақпен арнайы танысу үшін аттанды. Күнгей тұрғындары арасында тіпті сонда тұрып, жұмыс істеуге бел байлағандары да бар.

Осыған дейін Петропавл қаласында болып келген ерлі-зайыпты Бекжігітовтер бұл жолы тәуекелге біржола бел байлап отыр. Жас отбасы жүктерін жинап, солтүстік аймаққа көшіп барады. Зайыбы Шолпан медицина қызметкері. Қызыл дипломды маман осыған дейін туған жерінде екі қолға бір күрек таппағанын айтады. Ал отағасы жаңа қоныстанған жерінде кәсіппен айналыссам деп құлшынып отыр.

Еңбекқор күнгей тұрғындары жер жыртып, егін егуге де дайын. Жүктерімен қоса көшеттерін де сайлап қойған. Жауаптылар солтүстік өңірлеріне қоныс аударғандардың дені көбіне мал, егін шаруашлықтарымен айналысып, кәсіп бастауға асығады екен. Ал қоныс аударушыларға арналып қазір Солтүстік Қазақстан облысында мыңға жуық тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр.

Петропавл қаласын бетке алған тұрғындардың көпшілігі әзірге аймақтағы ақуалды көзбен көріп қайтпақ ниетте. Солтүстікке көшті реттейтін мемлекеттік бағдарлама қолға алынғалы оңтүстік өңірінен 700-ден аса отбасы қоныс аударған. Айта кетейік, жыл соңына дейін солтүстікке көшуге тағы 200-ге жуық отбасы ниет білдіріп отыр.

Мақпал Рысбаева